420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Кәсіпкерлік сауатты арттыру енді мектеп табалдырығынан үйретіледі

  • 727
  • UPD: 23:27, 19.11.2019

Елімізде кәсіпкерлік сауатты арттыруға қатысты кешенді шаралар қолға алынды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Әсіресе, биылдан бастап оның негіздері мектеп табалдырығынан үйретіледі. Бұған қоса, өз ісін ашқысы келетіндерге арналған арнайы курстардың саны артты.

Бірақ басқа жағынан кәсіпті жүргізу жолындағы кедергілер де көбейіп жатыр. Кәсіпкерлікті мектеп қабырғасынан үйретуге қатысты бастама алғашқыда жұрт пікірін екіге жарды. Әсіресе, баланы ерте жастан бизнеске баулып, басын қаржылық терминдермен қатырудың қажеті қанша дегендер табылған. Бірақ былтыр жүзеге асырылыған пилоттық жоба мектеп бағдарламасына оны енгізуге болатынына көзді жеткізді. Қазір ол арнайы пән ретінде 10-сынып оқушыларына қосылды. Бірден айта кету керек, мұнда ақшаны еселеп, пайдаға кенелудің жолын үйретпейді. Сабақ стартап жобалар құруға негізделген. Ал оның барысы көбіне ойын үлгісінде өтеді.

Жадыра Қырықбаева, бизнес және кәсіпкерлік негізі пәнінің мұғалімі:

– Қазір балалардың ойлары ұшқыр. Алға қойған мақсаттары да көп. Қазір қай кісіден сұрамасаңыз да, өзінің бизнесін ашқысы келеді. Әркім өзі үшін жұмыс істегісі келеді. Оқушылар да сондай. Олардың фантазиясы ұшқыр болғаннан кейін, бұл пән мектепке енгізілгеніне өте қуаныштымыз.

Бұған қоса, бізде ересектерге арналған «Бастау» не «Жас кәсіпкер» сияқты арнайы оқыту курстары бар. Дәл осылай соңғы 3 жыл көлемінде 80 мыңнан аса адам білімін жетілдірген. Бірақ бұл барлығы бірдей табысты кәсіпкерге айналды дегенді білдірмейді. Арнайы дәрістен өткендердің белгілі бір бөлігі ғана мемлекеттік қолдауға қол жеткізіп, ісін дөңгелетеді.

Азамат Маханалин, «Атамекен» ҰКП қызметкері:

– Жоспар бойынша оқыған адамдардың 20 пайызын кәсіпкер қыламыз және де оларды кәсіпкер қылумен қатар, бір жыл ішінде оларды сүйемелдейміз. Кәсіпкерлер палатасы бұл қызметтерді тегін көрсетеді.

Арнайы курстан өткен әр 100 адамның 20-сы кәсіпкерге айналатыны жақсы, әрине. Ал қалған 80 адамның тағдыры қалай болады? Бұл сауалға келгенде тұщымды жауап таба алмадық. Дәл осылай кей адамдар жылдар бойы мемлекеттік қолдауға қол жеткізбей, түрлі табалдырықты тоздыруға мәжбүр. Оны алғаннан кейін де кедергілерге тап болып, кәсібі тұралап қалғандар да жетерлік.

Бауыржан Мұқанов, сарапшы:

– Бізде бастауыш кәсіпкерлердің бизнес жобасы «Даму» қоры, кәсіпкерлер палатасы және екінші деңгейлі банктерден несие алғанға дейін ғана қамтылады. Мәселе ақшаны тек игеруде ғана емес. Одан кейінгі бизнестің дамуыда қамтылу керек. Сондықтан бизнес жоспарда ақшаны алғанға дейінгі және алғаннан кейінгі әрекеттер де қарастырылуы керек.

Мемлекеттік қолдаудағы құжатбастылық, қызмет сапасы және басқа да кедергілерге қатысты мәселе әлеуметтік желілерде жиі көтеріліп жүр. Құзырлы мекемелер ол жайында жақсы біледі және алдағы уақытта оны реттеуге күш салатындарын жеткізді.

Авторлары: Аслан Қаженов, Аят Дүйсембаев

Хабар 24 телеарнасы