422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Сарыарқа» газ құбыры 31 желтоқсанда пайдалануға беріледі – М. Жүребеков

  • 844
  • UPD: 14:38, 20.11.2019
«Сарыарқа» газ құбыры 31 желтоқсанда пайдалануға беріледі – М. Жүребеков

ҚР энергетика вице-министрі Мұрат Жүребеков Үкіметте өткен баспасөз конференциясында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың Бес әлеуметтік бастамалары аясында «Қызылорда – Нұр-Сұлтан» бағыты бойынша «Сарыарқа» магистралды газ құбырын салу жобасын іске асыру барысы туралы айтып берді. 

 Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында Энергетика министрлігінің алдына қойылған міндеттерінің бірі — елорданы, еліміздің солтүстік және орталық өңірлерін газдандыру мақсатында «Сарыарқа» магистралды газ құбырын салудың бірінші кезеңін уақытылы аяқтау болды.

М. Жүребековтың айтуынша, газ құбырының аталған учаскесі Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларына, сондай-ақ, газ құбыры трассасына жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындарына табиғи газ жеткізуге мүмкіндік береді. 

Жобаны іске асыру үшін «АстанаГаз ҚМГ» компаниясы құрылды. Оның акционерлері – «Самұрық-Қазына» қоры және «Бәйтерек» холдингі. 

Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия өткен жылғы тамы айында қаржыландыру схемасы мен шарттарын мақұлдады. Осылайша, 80,3 млрд теңге «АстанаГаз ҚМГ» АҚ жобалық компаниясының жарғылық капиталын қалыптастыру жолымен, 85 млрд теңге – «БЖЗҚ» АҚ облигациялық займы және 102 млрд теңге – Еуразия даму банкі мен «Қазақстанның даму банкі» АҚ облигациялық займы есебінен беріледі. Құрылыстың бас мердігері – «ҚазҚұрылысСервис» компаниясы.  

М. Жүребеков бүгінде «Сарыарқа» магистралды газ құбырын Нұр-Сұлтан қаласына дейін салу аяқталу сатысында тұрғанын айтты.

Айта кету керек, газ құбырын салуға 1 700-ге жуық маман және 1000 бірлік арнайы техника тартылған. Бүгінде газ құбырының желілік бөлігінің 100%-ы немесе 1061,3 км дәнекерленіп, салынған. Газ құбырының 963 км немесе 91% сыналды. 

Бұған қоса, газ құбыры-бұрмалары мен бес автоматтандырылған газ тарату станциясын, газ өлшеу станциясын және басқару пунктін салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

«Жалпы, жұмыс кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр, биылғы желтоқсанда магистральды газ құбыры, бес бірлік автоматтандырылған газ тарату станциясы, газ өлшеу станциясы және басқару пунктін қоса алғанда, барлық нысанның құрылысы аяқталады. Газ құбырын пайдалануға беруге қабылдау биылғы 31 желтоқсанға жоспарланған», — деді вице-министр.

Оның айтуынша, магистралды газ құбырын Нұр-Сұлтан қаласына дейін салу газ құбыры бойындағы 171 елді мекенді газбен біртіндеп қамтамасыз етуге жол ашады, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы мен газ құбыры трассасының бойындағы басқа да елді мекендердің экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

«Сарыарқа» газ құбыры жобасын іске асыру шағын және орта бизнесті дамытуға, сонымен қатар, магистральды газ құбыры бойындағы өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға мультипликативті әсерін береді. Бұдан өзге, отын ретінде табиғи газды қолдану атмосфераға шығарылатын лас қалдықтарды азайтып, халықтың қолайлы өмір сүруіне әрі қоршаған орта жағдайын жалпы жақсартуға ықпал етеді», — деді вице-министр.

Хабар 24 телеарнасы