410,33 456,25 5.75
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ЕАЭО-ға мүше елдер арасында ұялы роуминг сақталады

  • 672
  • UPD: 11:20, 21.11.2019

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасында ұялы роуминг сақталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Одақтас елдердің жұмыс тобы ұялы байланыс бағасын төмендетуге бағытталған бірыңғай жол қартасын бір жылдан бері әзірлеп жатыр. Алайда саясаткерлер осындай қадамға дайын болғанымен, ұялы байланыс операторлары бұған қарсы шықты.

Ұялы байланыс операторлары роумингтен бас тартуға дайын емес. Еуразиялық экономикалық одақ сарапшылары тобы жуырда осындай мәлімдеме жасаған. Яғни біз өзге елмен байланысқанда бұрынғы тарифпен төлейміз. Ол ел ішіндегі қызмет бағасынан бірнеше есе артық. Компаниялар өзара есептесудің ортақ жүйесін құру туралы келісе алмай отыр.

Георгий Гриц, саясаттанушы, экономист:

– Ұялы байланыс операторлары әр түрлі жолдармен пайда табады. Егер Беларусь компаниялары табысының негізгі бөлігін қызмет беру бағасы құраса, ресейліктер нарығының ауқымы арқасында пайда тауып жүр. Тұтынушыларының саны 10 есе көп. Бар мәселе осыған тіреліп отыр. Алайда саяси сипат болғандықтан, ақырында бұл сауал өз шешімін табады.

Бірақ бұл ұзаққа созылатын қиын іс болатыны анық. Мысалға, Еуроодақта бұл жұмысқа 10 жыл кеткен. Дегенмен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше 5 ел бірыңғай тариф кеңістігін бұдан қысқа мерзімде құратынына үміт бар. Одақ құрылғалы бері ұялы байланыс бағасы бірнеше рет арзандаған болатын.

Полина Михалева, жергілікті тұрғын:

– Әр түрлі елдерде тұратын адамдар арасында байланыс тиімді болу үшін роумингты алып тастау қажет деп санаймын. Өйткені туыстарымызбен хабарламалар арқылы емес, телефон арқылы араласамыз. Бұл шара ақшамызды үнемдер еді.

Мамандардың айтуынша, роумингтен бас тартуға бірыңғай тариф жоспарының болмауы басты себеп болып отыр. Тап осы мәселе бойынша операторлар келісімге келген жоқ. Өйткені заң жобасы одаққа мүше елдердің барлық азаматы ұялы байланыс үшін бірдей сома төлейтінін қарастырған.

Авторлары: Алексей Родионов, Владимир Струк

Хабар 24 телеарнасы