376,16 406 5,90

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда күл-қоқысты шығару тарифі 30%-ке қымбаттайды

  • 370
  • UPD: 15:20, 23.11.2019
Оралда күл-қоқысты шығару тарифі 30%-ке қымбаттайды

Орал қаласында алдағы жылдан бастап күл-қоқысты шығару тарифі 30%-ке қымбаттамақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде көпқабатты үйлердің тұрғындары айына жан басына 193 теңге, жеке тұрғын үй секторы 197 теңге төлейді. Тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару бағасының қымбаттауына тиісті мекемедегі техниканың тозығы жетуі, жұмысшылар жалақысының төмендігі түрткі болып отыр. Әрі оралдықтар «Орал Таза Сервис» кәсіпорнына 200 миллион теңге қарыздар көрінеді.

«Рұқсат етілмеген жерлерге жиналған күл-қоқысты шығару да қосымша шығын», - дейді мамандар. Енді қоқысты сұрыптау құны да тарифке қосылмақ. Келешекте әйнек, пластик, темір және қағаз бөлек жиналады.

Рафхат Данағұлов, қоқыс шығарушы кәсіпорын басшысы:

- Алдағы уақытта тұрмыстық қалдықтарды жақсы, уақытында шығарып тұру үшін 300 теңге көлемінде тариф болу керек деп есептеп отырмыз. Барлық біздің кетіп жатқан шығындарымызды жабу үшін және жаңа техника алу үшін. Біздің арнайы техникамыздың 80%-інің тозығы жетіп тұр.

Роман Жумиев, қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

Қазіргі кезеңдегі талаптар бойынша, яғни, қалдықтардың басым бөлігі сұрыпталып, тек қана өңделмейтін, әрі қарай өңдеуге келмейтін заттар ғана көмілуге кету керек. Қазіргі кезде кейбір қалдықтың түрлері ғана сұрыпталып жатыр.

Хабар 24 телеарнасы