426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-ның денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік артып келеді

  • 577
  • UPD: 18:37, 24.11.2019

Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласында мемлекеттік пен жекеменшіктің әріптестігі артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, облыстық клиникалық аурухананың асханасын қалпына келтіруге және технологиялық жаңғырту жұмыстарына жеке инвестор 100 миллион теңге қаражатын салған. Келер жылы осы тектес тағы ондаған жобаны жүзеге асыру жоспарда.

Кәсіпкер Ляна Турсынова аурухананың асханасы бұрын қандай деңгейде болғанын көрсетіп жүр. Ғимарат толық жөндеуден өткен. Жылу жүйесі жаңартылып, барлық құрал-жабдықтар ауыстырылыпты. Жөндеу жұмыстарына кеткен қаржы біртіндеп қайтарылады. Кәсіпкердің айтуынша, бес жылда жергілікті бюджеттен сатылап төленеді екен.

Ляна Тұрсынова, кәсіпкер:

- Кәсіпкер үшін бұл ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ететін тамаша мүмкіндік. Бұған қоса, көрсетілетін қызметтің сапасы жоғары. Біз өз қаржымызды салып отырмыз. Ол мемлекеттен бес жыл көлемінде қайтарылатын болады.

Бүгінгі күні ауруханадағы 300 науқасты кәсіпкер тамақпен қамтамасыз етіп отыр. Аспаздардың жұмысы таңғы сағат 04:00-ден басталады. Олар 300 адамға ас әзірлейді. Олардың сырқаттары әртүрлі. Кейбіріне арнайы ас мәзірін дайындау керек болады.

Любовь Глядченко, аспаз:

Бұрын қалай жұмыс істеп едіңіздер? Қорқынышты болатын. Біз сырт киіммен жүретін едік. Аяғымызға етік, қолымызға қолғап киетінбіз. Әрине, жұмыс істеу керек. Науқастарды тамақтандыруымыз керек болды. Қазір жұмысқа асығып тұрамыз. Өйткені жағдайымыз жақсарды. Бәрі көңілімізден шығады.

Өңірде құны 2 млрд теңгенің 5 серіктес жобасы жүзеге асқан. Ауруханаларға қымбат медициналық жабдықтарды алу солардың қатарында. Осының арқасында бюджет қаражаты айтарлықтай үнемделген.

Нұрданат Беркінғали, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Әртүрлі 11 жоба бар. Ол дәрігерлік амбулаторияларды ашу. Емханаларды сенімді басқару түріне өткізу. Облыстақ аурухананы газдандыру жүйесі. Сол сияқты «Жалпы өлім-жітімді азайтудың жол картасы» және қатерлі ісікке қарсы күрестің кешенді жоспарын жүзеге асыру.

Үнемділіктің қатарында тағы бір мақсат тұр. Ол медициналық қызмет сапасын көтеру. «Бұл жерде бәсекелестік орта қалыптастыру қажет», - дейді мамандар. Мәселен, аймақта қазір 15-тен аса жекеменшік клиника тегін кепілді медициналық көмек түрлерін көрсетумен айналысады. Бірінші болып сенімді басқаруға өткен емдеу мекемесінің кірісі жаман емес.

Авторлары: Ботагоз Базарбаева, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы