427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Америкалық Виктория Шарбону Қазақстанға келіп, жауапты істі бастағанына өкінбейді

  • 508
  • UPD: 19:19, 24.11.2019

Америкалық Виктория Шарбону көмекке зәру жалғыз басты аналар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға жәрдемдесу үшін Таразда қалуды ұйғарыпты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отандасымен бірге құрған «Қамқор жүрек» қоғамдық қорында ол балаларды ақысыз оқытып, құжаттарын ретке келтіріп, шетелге емдетуге жібереді. 2017 жылы дәл осы қор «Қазақстанды дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша «Алтын жүрек» сыйлығын иеленген.

«Баланың бөтендігі жоқ», - дейді Виктория Шарбону. Табиғатынан қағілез жан әр бөбекке ерекше жылылықпен, ыстық ықыласпен қамқор болуға дайын тұрады. Содан ба, балалар да оның жанынан бір елі қалмайды. Ұлты да, ұлысы да бөлек адамды «Вика апай» деп атайды екен. Айтқандай, алыс Америкадан келген Виктория бүгінде қазақ, орыс тілдерін үйренуге талпынып жүр.

Бүгінде «Қамқор жүрек» қоғамдық қорын 4 әйел мен 17 бала мекен етеді. Олар тағдырдың талай талқысынан өтіп, осы орталықтан пана тапқан. «Біз мүмкіндігінше қиналғанға қол ұшын беруге тырысамыз»,- дейді Виктория.

Виктория Шарбону, қордың негізін қалаушы:

Мен алғаш рет 2000 жылы қайырымдылық делегациясының құрамында Тараз қаласындағы балалар үйін араладым. Ондағы жүздеген панасыз баланы бірден жақсы көріп кеттім. Статистикаға сүйенсек, балалар үйінің тәрбиеленушілерінің тек 10%-і ғана өмірден өз орындарын табады екен. Өте аянышты жағдай. Сол себепті мен Қазақстанға қайта оралдым. Осылайша, осы қор құрылды. Бізге келетіндер саны өте көп. Олардың құжаттарын жасатуға, білімдерін жетілдіріп жұмысқа орналасуға көмектесеміз. Қажет болса, емдеу орындарына жібереміз.

Алыс құрлықтың азаматы Қазақстанға келіп, осынау жауапты жұмысты бастағанына еш өкінбейді. Ол Америкаға жылына екі мәрте барып, ондағы тәрбиеленушілеріне көңіл бөлуді де ұмытпайды. Осыдан бір жыл бұрын Валентина атты келіншек көмек сұрай келіпті. Балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушісі жұмыс таба алмай, тапса жас сәбиін ораналастыра алмаған екен. Қазір ол қоғамдық қор жанындағы тігін цехында жұмыс істейді. Ұлттық нақыштағы кәдесыйлар дайындауға машықтанып жүр.

Валентина Балаганская, қала тұрғыны:

- Мұнда болашақ жоспарларыңды, аңсаған арманыңды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Бастысы, сәбиімнің амандығы. Ол қамқор жандардың қарауында. Мен балам үшін алаңдамай сүйікті ісіммен айналысамын. Ана үшін ең бастысы да осы болуы керек. 

Қор құрылған бес жылдың ішінде мыңдаған ана мен бала пана тапты. Үзілген үміттері қайта жалғанды. Оның барлығы осындағы мейірбан жандардың арқасы екені даусыз. Қор жетекшісі Виктория Шарбону пен Элизабет Турнок Қазақстанның дамуына қосқан үлестері үшін «Алтын жүрек» сыйлығына ие болды. Олар үшін басты жүлде – бақытқа бөленген ана мен баланың алаңсыз күлкісі.

Авторлары: Анастасия Сулейманова

Хабар 24 телеарнасы