420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Аягөздегі жылу қазандығы қайта жаңғыртылды

  • 684
  • UPD: 10:20, 26.11.2019

Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласындағы орталық жылу қазандығы толығымен қайта жаңғыртудан өткізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 250 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген. Жекеменшікте болып келген маңызды нысан мемлекет қарамағына өтіп, жаңа құрал-жабдықтар сатып алынды. Тіпті жұмысшылардың жалақылары да көтеріліпті. Осылайша, былтыр бүрсеңдеп шыққан аягөздіктер биылғы жылу маусымында игі өзгерістерге куә болып отыр.

Аягөз қаласының орталығындағы Абай даңғылында тұратын Индира Мұхамадиеваны жерлестері «қаһарман қыз» атап кеткен. Былтыр 40-тан астам көпқабатты тұрғын үй мен бірнеше әлеуметтік нысан жылусыз қалғанда елдің мұңын облыс басшыларына алғаш жеткізген еді.

Индира Мұхамадиева, Аягөз қаласының тұрғыны:

- Неше жыл бойы тоңдық. Былтыр қыс біткенше тоңып шықтық. Өйткені жөндесе де, ескі құралдар қайта-қайта жарылып, сөйтіп отырды. Былтыр 10 градус жылытқышпен отырдық осы бөлмеде. Жатын бөлме 7, туалет, ванна 4-ақ градус. Қазір міне, кіреберістің өзі 21,22, 24 градусқа дейін көтеріліп, жылыту маусымы басталғалы үйде ыстық. Терезені ашып тастап, елдің бәрі риза.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Міне, мына үгітіліп жатқан темірлерге қарап, былтыр Аягөз қаласының тұрғындары не үшін бүрсеңдеп шыққанын түсінуге болады. Расында жарты ғасырдан астам уақыт әбден тозығы жеткен көне қазандықтар халыққа қызмет етіп келді. Ал енді мемлекеттен қаражат бөлініп, жылу орталығында түбегейлі өзгерістер орын алды. Күрделі жөндеу жұмыстары атқарылды.

Өткен жаз бойы мұнда күндіз-түні қарбалас жұмыстар тынған жоқ. Мемлекет қазынасынан бөлінген қаражатқа бұрын меншікте болып келген жылу орталығы сатып алынып, жаңадан 3 қазандық орнатылған. Жылу температурасы да автоматикалық қондырғылар арқылы бақыланады. Жұмысшылардың жалақылары да 60 мыңнан 85 мың теңгеге жоғарылапты. Бұл орталықтан 40 көп қабатты үй, 10 шақты әлеуметтік нысан жылу алады.

Бейбіт Мәкенов, Аягөз орталық жылу қазандығының меңгерушісі:

- Қазір күнделікті беріп отырған орташа жылудың берілуі 65 пен 55 тің арасында беріп отырмыз. Қазір жылу барлық жерге жақсы барып тұр. Халық риза деп есептеймін. Барлық қуаттылығы 13,2 гигакалория, біздің қазір қосылып отырған қажеттілік 10.6 гигакалория. 1197 қосылып отырған бөлімшелер бар.

Сұраныстың артуына байланысты келесі жылы осы орталыққа тағы бір қазандық орнату жоспарланып отыр. Қаладағы жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары да кезең-кезеңімен атқарылатын болады.

Ділдәбек Оразбаев, Аягөз ауданының әкімі:

- 50-60 миллион ақша бөлеміз деп отырмыз. Қазір соған жобалар дайындап жатырмыз. Қай жерде, зерттеу үстіндеміз, қай жерде ұзақ жатқан құбырлар, бірінші сол құбырлардан бастайтын боламыз. Жалпы алдағы 2-3 жылдың ішінде мынау құбырлардың барлығы қаланың ішінде жатқан құбырлардың бәрін біз ауыстырып жағдай жасауымыз керек.

Келесі жылы Аягөздегі тағы бір түйткілдің түйіні тарқамақ. Көп қабатты тұрғын үйлердің ішкі жылу жүйелерін жекеменшік пәтер иелерімен бірігіп, толығымен күрделі жөндеуден өткізу қолға алынбақ. Ол үшін арнайы жобалар жасалып жатыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы