425.40 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ержан Максим елге оралды

  • 873
  • UPD: 14:43, 26.11.2019

Польшаның Гливице қаласында өткен Junior Eurovision халықаралық ән байқауының екінші орын иегері, дарынды жерлесіміз Ержан Максим елге оралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жас әншіні Алматы әуежайында жанкүйерлері, достары мен туған-туыстары күтіп алды.

Әуежайдың күту залында адам әдеттегіден көп. Олардың дені Ержан Максимді күтіп алуға жиналғандар. Ұшақтың бір сағаттай кешігіп қонуы да жанкүйлердердің көңіл-күйіне еш әсер еткен жоқ. Керісінше, Гливицеде өткен байқауды, Ержанның әні мен сахналық көріністерін талқылап, естелікке суретке түсіп, бір-бірімен әңгіме-дүкен құрып мәре-сәре.

Әлия Шаймерденова, Алматы қаласының тұрғыны:

- Қазақтың атын әлемге танытып, қазақтың туын желбіретіп жүрген балапынымызды қолдап келуді біз міндет санадық. Сондықтан біз тыныш ұйықтап жата алмадық.

Анжела Әбішева, Алматы қаласының тұрғыны:

- Өзіміз біртүрлі болып, жүрегіміз үлпілдеп тұрып, Ержанға даусымызды да бердік.

Құшақ-құшақ гүл де, қошемет те бәрі Ержан үшін. Сағат тілі түнгі үштен өткенде жас әнші де көрінді. Жиналған халық сүйікті әншісін ыстық ықыласпен қарсы алды.

Ержан мен анасы жанкүйерлерге рахметін айтып, байқаудан алған әсерімен бөлісті.

Ержан Максим, Junior Eurovision халықаралық ән байқауының екінші орын иегері:

- Көңіл-күйім өте керемет. Байқау жақсы өтті. Дауыс беру өте ұнады қатты. Әділ өтті деп ойлаймын.

Гүлмира Әлібек, Ержан Максимнің анасы:

- Өте қобалжып, жүрегімізден жүрек қалған жоқ. Осы күнге дейін қаншама неше түрлі қызықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мен өте үлкен толқуда болдым. Өйткені үлкен жауапкершілік болды. Сондықтан сол жауапкершілікті балам абыроймен ақтады деп ойлаймын

Польшада өткен Junior Eurovision халықаралық байқауын «Хабар» телеарнасы биыл да тікелей эфирде көрсетті. Осылайша, әнсүйер қауымға Ержанның өнерін тамашалауға мүмкіндік берді. Биылғы финалға 19 елден жас әнші қатысты. «Арманнан қалма» әнін шырқаған Ержан екінші орынды иеленді. Бірінші орынды польшалық Виктория Габор жеңіп алса, үшінші орын испаниялық Мелани Гарсияға бұйырды. Ал Ержан Максим аздап тынығып алған соң жаңа жобаларды қолға алатынын айтты.

Авторлары: Нарынбек, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы