419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде интернет арқылы көрсетілетін қызмет түрі артады

  • 645
  • UPD: 20:25, 26.11.2019

Келесі жылы мемлекеттік қызмет түрлерінің 90 проценті интернет арқылы көрсетілуі тиіс. Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин осындай тапсырма берді.  Енді мобильді қосымшалар арқылы көрсетілетін қызметтер тізбесі толығады.  Жалпы елімізде 700-ден астам мемлекеттік қызмет түрі болса оның 143-і әлі күнге қағаз форматында қалып отыр. 

Электронды үкіметке көшіп, бар саланы цифрландырсақ, біріншіден, қаржы үнемдейміз, екіншіден, уақыттан ұтамыз. Ол үшін не істеліп жатыр? Алдымен мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру жүргізілді. 723 қызмет түрінің  556-сын автоматтандыру бойынша жол картасы жасалды. Қызметтерді электронды форматқа көшіру құжат айналымын 70 млн құжатқа қысқартты.

Асқар Жұмағалиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Осы жылдың бірінші қарашасынан бастап, мекен-жай анықтамасы жойылды. Жыл сайын 14 млн аса осындай анықтама беріліп келді. Оларды жою 3,3 млрд шамасында жанама экономикалық әсер береді. Қазір тағы 27 анықтаманы жою бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл үшін мемлекеттік органдар ақпаратты интеграциялау жұмыстарын аяқтаулары қажет. 

Алайда мемлекеттік органдар бұл жұмыстарды жоспарланған уақытта аяқтамаған. Премьер-министр сын айтып, нақты тапсырма берді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Биылғы жылға жоспарланған жұмыстардың жартысы ғана орындалған. Ал қалғандары орындалмаған. Бұл бюджеттік жоспарлау сапасының төмен болуымен байланысты. Қаржы, инвестиция және инфрақұрылымдық даму, энергетика, экология, білім және ғылым, ІІМ ағымдағы жылдың аяғында жоспарды 100 пайыз қамтамасыз ету қажет. 

Қазір электронды қызметтердің үлесі 80 процентке жеткен. Жыл аяғына дейін тағы 70 қызмет түрі электронды жүйеге көшіріледі.

Әсемгүл Балташева, «Азаматтарға арналған үкімет» МКБ төрайымы:

- Ағымдағы жылдың 10 айы көлемінде 24 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілсе, 2018 жылмен салыстырғанда корпорацияға келіп алған қызметтер 4 млн-ға азайды.  Бұл азаматтарды электронды үкіметке оқыту бойынша ауқымды жұмыстардың нәтижесі.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтердің 80%-на халық интернет арқылы қол жеткізе алатын болады. Біздің алдымызда келесі жылдың соңына дейін осы көрсеткішті 90%-ға дейін жеткізу міндеті тұр. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2020 жылы Қазақстан БҰҰ электронды үкіметті дамыту индексінде 28-орынға шығу керек. Бүгінгі таңда біз 39-орындамыз. Мемлекеттік бағдарламаның индикаторына қол жеткізу үшін шаралар қабылдау керек.  

Үкімет басшысы мобильді құрылғылар арқылы көрсетілетін қызмет түрлерін көбейтуді тапсырды. Қазір арнайы қосымшалар арқылы 31 қызмет түрі көрсетілетін болса, ол жалпы қызметтің тек 4 процентін құрайды.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы