423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Сергек» шетелдік нөмірі бар көліктердің қай жерде кетіп бара жатқанын анықтай алады

  • 600
  • UPD: 16:49, 27.11.2019
«Сергек» шетелдік нөмірі бар көліктердің қай жерде кетіп бара жатқанын анықтай алады elorda.info

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде 2017 жылы іске қосылған «Сергек» камераларының ерекшеліктері талқыланды, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Сергек» жобасы Назарбаев университетінің ғалымдарымен бірлесіп дайындалды. Машиналық оқу, нейрондық желілер, машина нөмірлерін тану, жасанды интеллект секілді технологияларды қолданып, әзірленді. «Сергек» толығымен отандық өнім. Бұл жоба екі бөліктен тұрады. Осының аясында жұртшылық көп жиналатын орындарда 4 мың камераны және 3 мың камераны қаланың бейнебақылау жүйесіне біріктіруді көздейді. Жобада бас-аяғы 13 мың камера қарастырылған», -дейді Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Бекмұрзаев.

Оның айтуынша, жобаның алғашқы бөлігі аяқталып, өткен жылы қаланың коммуналдық меншігіне берілді. №1 іске қосу кешені 800 жалпы бейнебақылау камерасын, көше қиылыстарындағы 200 аппараттық бағдарламалық кешендері, желілік учаскелердегі 300 аппараттық-бағдарламалық кешендері және 1200 үшінші тараптық бейнебақылау камераларын біріктіреді.

Ал №2 іске қосу кешенінің қондырғысы толықтай аяқталды. Бас-аяғы 3200 бейнебақылау камерасы, 200 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылып, іске қосылды. Сол сияқты 1800 камера біріктірілген. Бұл жобаның 100 пайызын құрайды. Қазір №2 іске қосу кешенін сертификаттау және коммерциялық пайдалануға беру бойынша шаралар қабылданып жатыр. Ары қарай ол қаланың меншігіне өткізіледі.

«Жол бойындағы қауіпсіздік бүкіл әлем үшін өте өзекті мәселелердің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне жүгінер болсақ, былтыр 5-29 жастағы адамдардың өлімі жол-көлік оқиғаларынан болыпты. Бұл көңіл қуантарлық оқиға емес. «Сергек» бойынша белгілі бір көлемде жеткен жетістіктеріміз бар. Бірақ біз онымен шектеліп қалмаймыз. Полиция департаментімен бірлесіп ары қарай жылжи береміз. «Сергек» жүйесін енгізу арқылы елорда көшелерінде қауіпсіздікті орнату мүмкін болды. Нұр-Сұлтандағы өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда екі жарым адамды құрайды. Бұл еліміздегі ең төменгі көрсеткіш. Ал жалпы елімізде бұл көрсеткіш орташа есеппен 9,9 адамды құрайды. Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша қала жолдарында апат салдарынан 29 адам қаза болды. Ал «Сергек» енгізілгенге дейін бұл көрсеткіш жылына 53 адамды құрайтын. Бұл жүйе енгізілгеннен кейін жол-көлік оқиғалары 10 пайызға, одан қаза болатындар саны 43%-ке төмендеді», - дейді Ерлан Бекмұрзаев.

Ол сондай-ақ «Сергек» арқылы қыстыгүні қаланың қай тұсын қардан тазалау керектігі, жазда жаңбыр суының сорылу керек орындары анықталатынын да атап өтті. Бұл камералар сол сияқты аулалардағы, көшелердегі тазалық жұмысының сапасын да тексеруге мүмкіндік бермек.

«Қазір «Сергек» арқылы шетелдік нөмірі бар автокөліктер жіті бақылауда. Қазір осы көліктер арқылы 2 мыңнан астам жол ережесі бұзылғаны анықталды. Бюджетке шамамен 26 млн теңге түсті. Полицейлер арнайы планшеттер арқылы онлайн режімде шетелдік нөмірі бар көліктердің қай тұста кетіп бара жатқанын бақылап, осы арқылы жүргізушілерін тоқтатып, әкімшілік айыппұл жазып береді», - дейді Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары.

Хабар 24 телеарнасы