425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Сергек» сыр бере бастады ма?

  • 530
  • UPD: 21:49, 27.11.2019

Өскеменде эвакуатор алып бара жатқан көлікке айыппұл салынды.

Темір тұлпар иесіне келген түбіртекке сенсек, ол жылдамдықты белгіленген көрсеткіштен асырған көрінеді. Бұл туралы жергілікті басылымдардың бірі жазды. Ал жауапты мекеме өкілдері бұған қатысты не дейді?

Түбіртекте «жол ережесін бұзған» көлікті эвакуатордың алып бара жатқаны анық көрінеді. Алайда «Сергек» жүйесі соңғысының нөмірін анықтай алмай, айыппұлды жеңіл көліктің иесіне жолдаған. Енді ол өзінің заң бұзбағанын дәлелдеуге мәжбүр.

Жалпы соңғы кездері «Сергек» сыр бере бастады» дегенді көп жүргізуші айтады. Бүгін бас қаладағы жауапты мекеме өкілдері тілшілер алдына шығып, ақауларға қатысты түсініктеме берді.

Елжан Шүпеков, қалалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы:

- Бағдарламаның жаңа екенін тағы да айтқым келеді. Әлі күнге дейін қанатқақты жоба ретінде жүзеге асып жатыр. Шынымен де бағдарламада ақаулар болды. Олар дер кезінде түзетілді. Жол ережесін бұзғандардың мемлекеттік нөмірлері автоматты түрде анықталады. Ал біз бақылауды жалпылама түрде жүргіземіз. Әрине, ақаулар бар. Онсыз болмайды.

Бүгін «Сергектің» авторы Әсет Ахметов өзінің парақшасында бірқатар деректерді жариялады. Жыл басынан бері адам қағып өлтірген 10 жүргізуші жалпы саны 200 рет заң бұзыпты. Ал, қыркүйекте Абай көшесінде анасы мен баласын қаққан көлік иесі 86 мәрте жылдамдық асырыпты.

Әкімшілік полиция басқармасының бастығы бұл істің де мән-жайын айтып берді. Еске салайық, заң бұзушының көлігі Ресейде тіркелген.

Елжан Шүпеков, қалалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы:

Көлік иесі 104 рет заң бұзған. Оларды «Сергек» камералары түсіріп алған. Соттың шешімімен жүргізуші 5 жылға сотталды. Ол кезде бағдарлама жетілдіруді қажет ететін. Әрі көршілес елдерде тіркеуде тұрған көліктерді бақылаудың жолын іздедік. Қазір бұл сұрақты прокуратура және сақтандыру полистерінің базасын интеграциялау арқылы шештік.

Еске салайық, «Сергек» жүйесі елордада 2017 жылы енгізілген. Қазір бас қалада 6 мыңнан астам камера орнатылыпты. Алдағы уақытта мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы аясында бұл көрсеткішті 13 мыңға жеткізу жоспарда бар.

Хабар 24 телеарнасы