427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 108 пәтер тапсырылды

  • 767
  • UPD: 21:05, 27.11.2019

Биыл Қостанай облысында 330 мың шаршы метр баспана тұрғызу жоспарланған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көп қабатты тұрғын үйлер бірнеше шағын аудандарда салынып жатыр. Солардың бірі – Әуежай шағын ауданы. Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында осы қалашықтың 108 тұрғыны жаңа пәтерлерге ие болады.

Қостанай картасында Әуежай шағын ауданы осыдан үш жыл бұрын пайда болған. Жеті мыңдай тұрғыны бар қалашықта баспаналардан бөлек әлеуметтік нысандар да тұрғызылды. Бүгін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша кезекті пәтер кілттері табысталды.

Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:

- «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша биыл біз облыс бойынша 330 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Ол өткен жылмен салыстырғанда 10%-ке жоғары.

Қоныс тойын тойлаушылар қатарында жас мұғалім Маржан Әбдіхамит те бар. Оған бір бөлмелі пәтер бұйырды. Осыған дейін қалаға іргелес ауылда тұрып келген маман баспанаға қаражатты 3 жыл бойы жинаған.

Маржан Әбдіхамит, қала тұрғыны:

- Бұған дейін ата-анаммен бірге тұрдым. Енді қазір қалада тұрамын өзім. Жұмысқа баруыма да ыңғайлы. Ал алдында қала сыртында тұрғаннан кейін кішкене қиыншылықтар болып еді. Жылы, жарық, өте кең. Жақсы жасалған.

«Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыруда Қостанай облысы республикада үздік үштікте. Баспана тұрғызуда 18 млрд теңгеден артық қаражат игерілген. Инвестицияның басым бөлігіне «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» тартылған.

Нұрлан Ақшанов, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Бұл өте тиімді мемлекеттік бағдарлама дер едім. Оның ерекшелігі – барлық пәтерлердің 50%-і кезекте тұрғандарға, қалған жартысы «Тұрғын құрылыс жинақ банкі» салымшыларына берілуінде.

Келесі жылы облыс орталығында жаңадан Береке және Қонай ықшам аудандарында баспана құрылысы қарқын алады. Қонайдың өзінде 30 көп қабатты және 2 мыңдай жеке тұрғын үй салу жоспарланған.

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров

 

Хабар 24 телеарнасы