422.87 509.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысындағы Қайрақты ауылын көктемде су басуы мүмкін

  • 910
  • UPD: 08:41, 28.11.2019

Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Қайрақты ауылын көктемде су басу қаупі бар. Себебі елді мекен іргесіндегі Шерубай-Нұра өзенінің арнасын құм басып қалған, қар ерігенде су ернеуінен асып кетеді. Тұрғындар өзен арнасын тереңдетуді сұрап, аудан әкімдігіне сан мәрте хат жазған. Жергілікті билік биыл әйтеуір мәселені шешудің оңтайлы жолын тауып, жұмысты бастағанымен, аяқсыз қалды.

Қайрақты ауылы Шерубай-Нұра өзенінің бойында орналасқан. Әр көктем сайын елді мекеннің 200-ге жуық тұрғыны жанын шүберекке түйіп отырады. Себебі өзеннің тұңғиығына құм толған, су арнасынан асып, ауылға кіреді екен.  

Жанат Қалдыбаев, ауыл тұрғыны:

- Көктем кезінде үнемі эвакуация болады. Далаға көшеміз. Бала-шаға тегіс ауданға көшеді. Туған-туыстардікіне кетеді. Ауылда мектеп бар. Балалар тегіс сабақтан қалады. Құмды алып, өзен қабағына тас төгіп берсе, содан басқа ештеңе керек емес бізге. 

Бұл мәселеден жергілікті билік хабардар. Аудан әкімдігі сол маңдағы автобан құрылысына қатысушы компаниялардың бірімен келісім-шарт жасасып, өзен арнасын тазартып беруді сұраған. 

Болат Тәкішев, Ақсу-Аюлы ауылдық округінің әкімі:

- Трассаның бойында жұмыс істеп жатқан шаруашылықпен келісіп, жаңағы құмды алып, жағалауға тас үюді қолға алған болатынбыз. Сол жұмыстар басталған бетте бізге облыстық ПД және экология басқармасынан арнайы қызметкерлер келіп, істі тоқтатып тастады, жұмысты. 

Экологтардың айтуынша, өзен арнасын тазалау, ондағы құмды тасу заңға қайшы. Сондықтан жұмыс тоқтатылған. Қазір табиғат жанашырлары полиция департаментімен бірлесіп, мәселенің ақ-қарасын анықтап жатыр. 

Айман Құлатаева, облыстық экология департаментінің бөлім басшысы:

- Қайрақты ауылы маңындағы өзен арнасынан топырақ алу жұмыстары жүргізілген. Аталған факт полиция департаментінде қарастырылуда. Егер заң бұзушылық анықталса, бізге құжаттар келіп түседі. Заңға сәйкес шаралар қолданамыз. 

Осылайша көптен күткен жұмыс аяқсыз қалып, ауыл жұртының қуанышы ұзаққа бармады. Енді тұрғындар көктемде тағы су астында қаламыз ба деп алаңдаулы.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы