428,02 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында өндірісте жарақат алу деңгейі төмендеді

  • 613
  • UPD: 08:51, 28.11.2019

Соңғы бес жылда алғаш рет еліміз бойынша өндірісте  жарақат алу деңгейі 22 процентке төмендеген. Осылайша Қазақстан әлемдік рейтингте 30-орыннан 25-орынға тұрақтады. Кәсіпорындарда жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар мен еңбек қауіпсіздігін сақтауға байланысты әлемдік және ұлттық стандарттардың енгізілуі өз жемісін беріп отыр. Шығыс Қазақстан мен Павлодар облысының  еңбек инспекторлары қатысқан жиында саланың кемшін тұстары мен жетістіктері сөз болды.

Қазақстанда 670 мыңға жуық жұмысшы қауіпті әрі зиянды өндіріс орындарында еңбек етеді. Жылына 1,5 мыңдай адам жарақат алып, 200–ге жуық адам көз жұмады екен. Жұмыс беруші тарапынан да қателіктер кетіп жатады. Еңбек инспекторлары көрсеткіш төмендеді деп тоқмейілсуге болмайтынын айтады.

Қайрат Әбілқайыров, облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:

- Жұмыс барысында жарақат алуға себеп болған жағдайларға сараптама жүргізіледі. Біздің облыста зардап шеккен жұмысшылардың  еңбек ережелерін  өрескел бұзғаны анықталды. Сондықтан жұмысшыларға өндірістегі қауіпсіздік шараларын  үйретуіміз керек. Белгілі бір мамандықты игеріп шыққанша  оларға сынақ мерзімі тағайындалуы тиіс.

Ірі өндіріс ошақтары мен тау-кен байыту кластері шоғырланған Шығыс Қазақстан облысында соңғы үш жылда жұмысшылардың өндірісте алған жарақаттан қайтыс болу оқиғалары  47 процентке азайған. Еліміздің индустриалды өлкесі саналатын Павлодар облысында да қауіпсіздікке баса мән беріліп отыр. Жыл басынан бері 92 адам өндіріс басында зардап шегіп, 8 оқиға  қайғылы жағдаймен аяқталған. Бұл жерде жұмыс беруші тарапынан кеткен кемшілік анықталыпты.    

Асқар Қапанов, облыстық еңбек басқармасының басшысы:

- Ақиқатын айтсақ, әр бақытсыз жағдайға жұмыс беруші тарап  кінәлі деп  жатамыз. Бірақ Еңбек Кодексіне сәйкес жұмысшының абайсызда қателікке бой алдыруы да есепке алынуы тиіс. Сондықтан бұл жерде жауапкершілік екі жаққа  бірдей болуы керек деп ойлаймын.

Қазақстанда  ауыр еңбек жағдайында жұмыс істеу мен өндіріс орындарында  жарақат алу деңгейін төмендетудің 2023 жылға дейінгі «Жол картасы» қабылданған. Кәсіпорынды жоспардан тыс тексеру үрдісі қысқарды. Ал, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты 14 мыңдай  өндірістік кеңес ұйымдастырылыпты. Қазір қолданыстағы еңбек заңдылығын жетілдіру жұмысы жүріп жатыр.  

Ербол Нұрғалиев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің комитет төрағасы:

- Осындай үлкен ақпараттық науқан жүріп жатыр. «Қауіпсіз  еңбек» деген. Біз міне осы науқанның аясында 4-ші осындай үлкен семинар өткізіп отырмыз мынау қауіпсіздік жағдайды қамтамасыз етуде өндірісте. Енді биылғы жылдың қортындысы бойынша 20-25 процентке бұл жағдайларды төмендетуге тырысып жатырмыз. Біз енді ақырғы мына бес жылды салыстырған кезде жалпы мынау өндірістегі жарақат алу  бойынша қазір 22 процент төмендеп отыр. Сондықтан бұл бағыт бойынша жұмыс мына жұмыс берушілермен кәсіподақпен жалғасатын болады.

Мамандардың айтуынша, еңбекшілердің жұмыс жағдайын жақсарту,   түрлі  қауіп-қатерлердің алдын алуға  мүмкіндік береді. Қазақстан электролиз зауытында қауіпті орындар  жұмысшылардың көмегімен  анықталады. Осының арқасында  кәсіпорында биыл бір ғана бақытсыз жағдай тіркелген.

Бауыржан Смайылов, Қазақстан электролиз зауытының вице-президенті:

- Бізде «Дабыл» бағдарламасы бойынша әрекет ету  жүйесі іске қосылған. Еңбекшілер жұмыс істеуге қауіпті деген орындарды өздері анықтайды. Ұсыныс білдірген жұмысшыны ынталандыру мақсатында қосымша қаржылай сыйақы тағайындаймыз.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Оқыс жайттардың алдын алуға байланысты жұмыстар жалғаса бермек. Өндірістік жарақатты түбегейлі жою үшін  кәсіпорындарды цифрлық жүйеге көшірудің берері мол. Яғни адам қолымен атқарылатын жұмыс азайып, басқару тетіктері толық автоматтандырылады. Осы орайда  Бозшакөл тау-кен байыту комбинатының тәжірибесі озық шыққан. Цифрлық технологияда  жұмыс істейтін түсті металлургия алыбында биыл бір де бір жарақат тіркелмепті.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы