432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жастар жылына орай «Ертіс дарыны» атты арнайы сыйлық табысталды

  • 1021
  • UPD: 14:24, 28.11.2019

Павлодар облысында жастар жылына орай «Ертіс дарыны» атты арнайы сыйлық тағайындалды. Жас буын өкілдерін ынталандырып, жұртқа танытуды мақсат еткен жобаға өңір басшылығы мұрындық болған. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атану үшін 300-ден астам жас ұсынылған.

Бірақ қатаң іріктеуден соң ең үздік 20 белсенді таңдалды. Бүгінде өңір халқының 23%-і - жастар. Санмен айтсақ, 160 мыңнан астам азамат. Павлодар өндірісі өркендеген өлке болғандықтан, жас буын өкілдерінің басым бөлігі жұмысшы мамандықтарға бет бұрған. Бұл салада еңбек ететіндер үшін арнайы «Өндіріс қызметкері» атты аталым тағайындалды. Еңбегі еленгендердің қатарында Қазақстан алюминий зауытының цех басшысы Дәурен Тайкебаев бар. 

Дәурен Тайкебаев, «Ертіс дарыны» сыйлығының лауреаты:

- «Ертіс дарыны» премиясы жастарға деген үлкен ынта, өз-өзіне деген сенімділік береді. Өзім өндіріс саласынан болғандықтан, бізге деген енді өте ортақ жеңіс деп ойлаймын. Өйткені, жалғыз өзімнің емес, бүкіл жастардың жеңісі. 

«Білім және ғылым», «Мәдениет», «Кәсіпкерлік», «Журналистика», «Спорт», «Еріктілік». Жігерлі жастар он аталым бойынша таңдалды. Сыйлық иегері атануға 300-ден астам үміткер ұсынылып, үш кезең бойынша іріктелді. Үздіктерді интернет дауыс беру арқылы таңдауға 67 мыңнан астам қолданушы қатысқан. 

Руслан Тілеулесов, облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы:

- Шыны керек, сыйлыққа лайықты деген жастарды таңдау қиын болды. Үміткерлердің әрқайсысы бір төбе. «Ертіс дарыны» сыйлығының басты мақсаты - жастар арасында әділ бәсекелестік орта қалыптастырып, ынталандыру. Осы тектес шараларды көптеп өткізуге тырысамыз. 

Бүгінгі тыныш өмірде ерлікке орын бар. Бұны 6679 әскери бөлімінің бөлімше командирі Мансұр Рамазанов дәлелдей білді. 26 жастағы жігіт жатақханада болған өртте 9 адамның өміріне араша болды. Ержүрек жастың ерлігі қатарластарына үлгі. 

Мансұр Рамазанов, «Ертіс дарыны» сыйлығының лауреаты:

- Мен тоғыз адамды құтқарған болатынмын, соның ішінде үш бала. Енді бейбіт барлығы осындай ерлік жасай алады деп ойлаймын. Ол жұмысқа байланысты емес, біріншіден. Барлық еркек адамның борышы. 

Облыста жас кәсіпкерлерге әрдайым қолдау бар. Биыл 500-ден астам қайтарымсыз грант тағайындалып, жаңа шағын кәсіпорындар ашылды. Мемлекет қолдауының арқасында тағы жүздеген жас жеке істерін дөңгелетпек. Жас бизнесмендер де қошеметке лайық болды.

Валерия Наркизова, «Ертіс дарыны» сыйлығының лауреаты:

- Үш жыл бой ышала туған нәрестелерге киім тігіп келемін. Мемлекеттен грант алып, ісімді аштым. Бұл сыйлық маған күш-жігер береді. Тынымсыз еңбек етіп, елімнің дамуына үлесімді қосқым келеді.

«Ертіс дарыны» сыйлығының әр лауреаты 500 мың теңгенің сертификатына ие болды. Енді бұл жастар жобасы игі дәстүрге айналмақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы