410,70 456,25 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандағы 3,5 мың полигонның небәрі 18% санитарлық талаптарға сай келеді

  • 587
  • UPD: 00:13, 29.11.2019

Еліміздегі 3,5 мың полигонның небәрі 18 проценті экологиялық және санитарлық талаптарға сай келеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Осыған байланысты республика аумағында қоқыс өртеу арқылы электр қуатын өндіретін 6 зауыт салынуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Сенаттағы Үкімет сағатында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев хабарлады. Осыған байланысты ведомство «Уейст ту Энерджи» жобасын қолға алған.

Сенаттағы Үкімет сағаты кішігірім көрмеден басталды. Онда отандық компаниялардың қоқысты қайта өңдеу, сұрыптау, заңсыз үйінділерді анықтау технологиялары ұсынылды. Сенат спикері Дариға Назарбаева да отандық жобалармен танысып шықты. Алғашқылардың бірі таяуда ғана іске қосылған «Қалдықтар биржасы» болды.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, отандық тың жобалар полигондарға көмілетін қоқыс көлемін едәуір қысқартып, салаға инвестиция тартуға мүмкіншілік береді. Ал бұл – шамамен 500 млн ақш доллары. Сонымен қатар 2025 жылға дейін термиялық жою үлесін 30% жеткізу көзделген. Бұл Еуропалық одақтың орташа үлесіне сай келеді.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

– Қоршаған ортаны ластаушы көздердің тағы бір түрі иесіз қауіпті қалдықтар болып табылады. Бүгінде республикалық меншікте тарихи қалдықтардың 16 нысаны бар. Олардың 5-уі жойылған. Осылайша, Қарағанды облысында құрамында сынап бар қалдықтардан, Маңғыстау облысында мұнай шылымдарынан, Қостанай облысында 4 гектар аумағын улы химикаттардан тазарту жұмыстары жүргізілді.

Биыл иесіз қалдықтарды кезең-кезеңмен жою жоспары аясында 2022 жылға дейін республикалық меншіктегі 9 объектіні жою шараларын жүргізу көзделген.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

– Республикалық меншікке сот шешімімен берілген иесіз қалдықтардың арасында радиоактивті Қошқар Ата қоймасының қалдықтарын атап өткен жөн. Құрамында ураны бар қалдықтарды сақтайтын Қошқар Ата, Каспий маңы аймағы қазіргі таңда өзекті экологиялық проблема болып отыр. Орналастырылған қалдықтардың жалпы ауданы 66 шаршы шақырымды құрайды. Барлығы – 105 млн тонна улы және радиоактивті қалдықтар.

Отандық қоқыс өңдеу секторын дамытқысы келетін ықтимал инвесторлар тізімі бар. Бұл шаралар күресіндерді жоюға, полигон салуға жұмсалатын бюджет шығынын азайтып, адам денсаулығы мен экологияға келетін нұқсанды азайтады. Сонымен қатар ірі сауда желілерінде тегін берілетін полиэтилен дорбалар бұдан былай ақылы болады. 2025 жылдан бастап өздігінен ыдырайтын биоқапшықтарға басымдық беріледі.

Мирлан Алтынбек, тілші:

– Экология, геология және табиғи ресурстар, сондай-ақ цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің Қазақстан ғарыш сапары ұлттық компаниясымен бірлесе әзірлеген жобасы waste.garysh.kz сілтеме сайтында көрсетілген. Бұл жерде елорда картасы келтірілген. Мәселен, қызыл белгіні алып қарайтын болсақ, бұл заңсыз полигондар. Оның ішінде тазартылған учаскелердің де фотосы көрсетілген.

Статистикалық деректер бойынша, заңсыз қоқыс полигондарының саны жағынан көш басында – Ақмола облысы. Артынша Қарағанды, Алматы, Солтүстік Қазақстан мен Ақтөбе облыстары келеді. Жалпы ел бойынша барлығы 3,5 мың қоқыс полигоны бар. Оның тек шамамен 18 проценті экологиялық және санитарлық талаптарға сай келеді.

Әсила Калка, «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ инженері:

– 2018 жылдан бері заңсыз тасталған қоқыс үйінділерін, оның ішінде тұрмыстық және өнеркәсіп қалдықтарына ғарыштан мониторинг жүргізіліп келеді. Өткен жылы жоба арқылы республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтары қамтылды.

Оның ішінде, қаладан 50 шақырымдық радиуста орналасқан учаскелер де бар. Былтыр 8 мыңнан астам заңсыз қоқыс үйіндісі анықталса, биыл 9 мыңнан асып отыр. Бүгінгі таңда шамамен 2 мыңы жойылды. Алдағы уақытта басқа да қала-ауылдарды қамту жоспарланып отыр.

Айта кеткен жөн, бүгінде елде 30 млрд тонна өнеркәсіп қалдығы бар. Жыл сайын оған қосымша 1 млрд тонна тұрмыстық қоқыс қосылады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы