376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде «Токамак» реакторының құрылысы аяқталды

  • 248
  • UPD: 21:08, 29.11.2019

ЭКСПО-2017 көрмесінде біздің ел жаһан жұртына ТОКАМАК деген қондырғысын таныстырған. Термоядролық синтезге арналған бұл материалтану құрылғысы енді қолданысқа беріледі. Қарашаның 20-сы күні қондырғыны іске қосудың соңғы кезеңі орындалып, плазмалық разряд алынды. 

Болат Көкенайұлы, тілші: 

- 1949 жылы сол кездегі Кеңестер Одағы тап осы жерде дүние жүзін дүр сілкіндіріп, ядролық қаруды сынақтан өткізді. Енді міне 70 жылдан кейін тәуелсіз Қазақ Елі керісінше атомды бейбіт мақсатқа пайдалану жолында айшықты оқиғаны тарих жылнамасына жазды. Мына тұрған әлемде теңдесі жоқ термоядролық синтезге бағытталған ТОКАМАК қондырғысының шешуші кезеңі іске қосылды. 

Ғаламат қондырғыны салу жөніндегі шешімді сонау 1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ресейлік академик Евгений Велиховпен бірлесіп қабылдаған. Құрылысы 20 жылға созылған жоба құрылысы енді міне толық аяқталып, өміршең екендігін мойындатып отыр. Қарашаның 20-сы күні қондырғыны физикалық іске қосудың екінші және соңғы кезеңінің талаптарын қанағаттандыратын плазмалық разряд алынды. Сынаққа сутегі қолданылған. 

Ержан Қашықбаев, ҚР ҰЯО термоядролық бөлімінің топ жетекшісі:

- Бірінші кезеңде кішкене нәтижелер басқаша болды. Екінші кезеңде өте жоғары нәтижелер алып отырмыз. Ол нәтижелерді алу үшін көп жұмыс, еңбек жасадық осында. Плазманың тогы шамамен 100 килоамперге жеткен болатын, плазманың тығыздығы 5 көбейтілген 10-ның 14-дәрежесі болған сантиметр минус 2-дәрежесінде ол да. Плазманың ұстап тұру уақыты шамамен 65 миллисенкунд. 

Маңызды шараға отандық ғалымдармен қатар Ресейдің «Курчатов институты» Ұлттық зерттеу орталығының термоядролық энергетика және плазмалық технологиялар кешенінің мамандары қатысты. Осылайша қазақстандық материалтану токамагын салу жобасы аяқталып, жаңа кезең – омдық жұмыс режимінде разрядтың жобалық параметрлеріне шығару кезеңі басталады. 

Эрлан Батырбеков, ҚР ҰЯО бас директоры:

- Бұл оқиғаның маңызын былай түсіндіруге болады. Қондырғының жобалық қуатында іске қосылуы Қазақстанның ғылыми-техникалық әлеуеті жоғары әлемнің алпауыт елдерімен терезесі теңескенін білдіреді. Яғни термоядролық синтезге бағытталған технологияларды игеруге жол ашылды деген сөз.

Қондырғыны толық қуатында игеріп, одан әрі адамзат игілігіне пайдалану жұмыстары АТОМ-ТМД бағдарламасы және ТМД елдерімен КТМ токамагын бірлесіп пайдалану туралы тиісті келісім шеңберінде іске асырылатын болады. Бұл жұмыстарды аяқтау 2023 жылға жоспарланған. 

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы