427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Орынбор қазақтары қауымдастығы мен «Егемен Қазақстан» меморандумға қол қойды

  • 804
  • UPD: 23:09, 29.11.2019

Ел газеті «Егеменге» алдағы желтоқсанда 100 жыл толады. Бір ғасыр бойы ұлттың жоғын түгендеп, бұқара мен биліктің арасында алтын көпір боп келе жатқан басылымның алғашқы саны Орынборда жарық көріпті.

Енді осы «Ұшқын» газетінің редакциясы болған көне ғимаратқа ескерткіш тақта орнатылмақ. Газет басшылығының Орынборға сапары барысында осындай келісім жасалды. Ал жиында екі ел арасындағы рухани байланысты нығайту жайы талқыланды.

Алаштың өткен ғасырдағы алғашқы астанасы Орынборда ұлт зиялыларының ізі сайрап жатыр, қазақ тарихынан сыр шертер көне ғимараттар да аз емес. Соның бірі Ленин көшесіндегі мына үй. Осында «Ұшқын» газетінің алғашқы саны жарыққа шыққан, 1919-24 жылдар аралығында Қазақ Орталық атқару комитеті орналасқан. Енді бұл тарихты орынборлықтар да біле жүреді. Ғимараттың қабырғасына жыл соңына дейін естелік тақта орнатылмақ.

Дархан Қыдырәлі, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы:

- Келісімге қол жеткізіп отырмыз. Бұл тек ел газеті үшін ғана емес, қазақ баспасөзі үшін жетістік деп білеміз. Себебі, Орынбор қазақ ағартушыларының, алаштың баспагерлерінің ізі қалған, «Қазақ» газеті шыққан, Ахмет Байтұрсынов бастаған, Міржақып Дулатов бастаған, алаш қайраткерлері  осында өз қызметтерін атқарған. Сол қазақ газетінің Орынбордағы алаш арыстарының ізі ретінде бүгінге жалғасып келе жатыр.

Ел газеті «Егеменнің» ғасырлық тойына байланысты арнайы барған делегация Орынбордағы қазаққа қатысты тарихи орындармен танысты. Ал облыстық әмбебап кітапханада өткен дөңгелек үстелде Орынбор облыстық мәдениет министрінің орынбасары Александр Калинин газетті 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, Қазақстанмен байланысты дамытудың маңызын атап өтті. Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовтің құттықтау хаты Дархан Қыдырәліге табысталды. Орынбор облысында 120 мыңдай қазақ бар. Осындай шаралар жырақта жүрген бауырларымыздың рухани серпілуіне септігін тигізбек. 

Сәуле Тайекешева, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының орынбордағы өкілі:

- «Егемен Қазақстанның» 100 жылдығы алаштың алтын ордасы Орынборда өтіп жатыр. Ол газеттің шыққан жері осы жерде саналады. Біз өте ризамыз. Сіздер бізді ұмытпай, тарихи маңызды шараны Орынборда өткізіп, біздің Орынбор қазақтарының естеріне тарихты қайтадан қойып жатқандарыңызға өте ризамыз.

Жиында екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту жайы талқыланып, Орынбор қазақтары қауымдастығы мен ел газеті «Егемен» арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Р. Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы