419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Jastar business» жобасы келесі жылы да жалғасады

  • 586
  • UPD: 20:43, 30.11.2019

Жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған «Jastar business» жобасы қорытындыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір жылға созылған бағдарлама нәтижесінде 11 жоба нарықтан өз орнын тауып, алғашқы табыстарына қол жеткізді.

Төрт кезеңнен тұратын кешенді бағдарламаға Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан 1800 жоба іріктеліп алынған. Олардың арасынан өз идеяларын онлайн-мектеп арқылы дәлелдеп шыққан 700 стартап жоба сертификатқа ие болды. Жобаның үшінші кезеңі бойынша тәжірибелі кәсіпкерлер жастарға бизнестің қыр-сырын үйреткен. Соңғы айналымға жеткен стартап жобаларға бизнесте жетістікке жеткен тәлімгерлер қолдау көрсетті.

Әлім Хамитов, MOST бизнес инкубаторының директоры:

Егер бизнес бастауда тәлімгерің болса, онда табысқа жету мүмкіндігің жоғары. Бұған зерттеу нәтижелері дәлел. Тәлімгермен бір бағытта еңбек ету кәсіпкерліктің алғашқы жылдарында болатын қиындықтарды еңсеруге мүмкіндік береді. Осыны ескеріп, біз жобаның төртінші кезеңін тәлімгерлікке арнадық.

Осындай жан-жақты, қайтарымсыз негіздегі қолдаулардың арқасында 7 жоба 25 миллион теңге көлемінде инвестицияға ие болған. Мәселен, тұрғын үйді жалға беру нарығындағы ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған Pillows жобасы қазір табысты еңбек етуде. Демеушілер тиімді жобаларды қаржыландыруға дайын.

Иван Деулин, «Ситибанк Қазақстан» ақ қаржы директоры:

- Негізгі бағыттар – бұл онлайн-платформалар, цифрландыру, тұтынушылардың талабын ескере отырып жұмыс істеу. Бұл бізге өте жақын, сондықтан біз осы бағдарлама аясында ұсынылған барлық жобаларды қолдаймыз.

Жастар жылы аясында қолға алынған «Jastar business» жобасының нәтижесінде 100-ге жуық жас жұмыспен қамтылған. Тиімді жоба келер жылы да жалғасады, - дейді ұйымдастырушылар.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жақыпов

 

Хабар 24 телеарнасы