424,44 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Аягөзде бірнеше әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді

  • 1026
  • UPD: 22:18, 30.11.2019

Мамырсу ауылында 75 орындық балабақша мен ардагерлер бөлмесі ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңадан іске қосылған жаяу жүргінші өткелдері де халықтың көптен бергі арман-тілегі еді.

Ал келесі жылы көп қабатты үйлердің қасбеттері жаңғыртылып, көшелерге жаңа бағдаршамдар мен бейнебақылау камералары орнатылмақ. «Саябақтар да ерекше кейіпке енеді», - дейді жергілікті билік өкілдері.

Мамырсу ауылында балдырғандар негізінен қазір мектеп жанындағы шағын орталықта тәрбиеленуде. Ал жаңадан ашылған балабақша мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында жүзеге асқан жоба. 75 орындық мекемеде әзірге бір топ қана жұмыс істеп тұр. Дегенмен, ықылас білдірген ата-ана саны 80-ге жетіпті, ендеше тағы 2 топтың ашылар күні алыс емес. Әлеуметтік нысан толық іске қосылғанда 20 адам еңбекпен қамтылады екен. «Бұл өте тиімді жоба», - деп есептейді кәсіпкер.

Айтқазы Еркебаев, жеке кәсіпкер:

- Мемлекеттен балабақша салу үшін үлкен қаражат керек. Ең кемінде 230-260 миллион теңге кетеді деп ойлаймын. Мен енді өз қаражатыммен жекеменшік ғимаратымды жөндедім, мемлекет ақшасы өзінде қалды ғой. Екіншіден, мемлекет төмен өсімде несие беріп отыр, ол бізге пайдалы 7 жылға. Банкіден біз ондай төмен өсіммен ала алмаймыз ғой. Оған керекті жабдықтарды алдық. Оның бәрі Алматы қаласынан сертификаты бар жиһаздар. Енді 11 миллион өз қаражатыма балабақша ішін жөндедік. Барлық жылу қазандығын, жүйелерін ауыстырдық жаңасына.

Бұрын осы ауылдағы қариялар шүйіркелесіп бас қосатын да орын жоқ еді. Енді міне, әкімдік ішінен арнайы бөлме қарастырылып, демеушілер көмегімен жабдықталды. Мұнда ауыл тарихы, өңірдегі соғыс және еңбек ардагерлері туралы да мәліметтер мол жинақталған.

Орынбек Тұрысбеков, Мамырсу ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Бұл үлгі, тәрбие беретін бір бөлме болады деп ойлаймын. Жалғыз ардагерлер отыратын бөлме емес, жастардың да бөлмесі болады. Экскурсияға келіп жатқандар бар. Мектептен анажолы 5-сынып балалары келіп кетті. Солар көріп, қуанып жатыр, мынау атам, әжем, шешем деп. Солардың көзқарасына қарап, өзім риза болдым.

Аудан тұрғындарын мазалап жүрген түйткілдің бірі – жаяу жүргіншілер үшін кіші Аягөз өзенінен өтетін көпірдің болмауы еді. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 21 миллион теңге бөлініп, 5 көпір салынды. Мамырсу ауылында да тап осындай 6 көпір халық игілігіне берілді.

Ділдәбек Оразбаев, Аягөз ауданының әкімі:

- Келесі жылға қазір 2 көлік көпірін жөндеуге смета жасап жатырмыз. Одан басқа, қаланың ішінде биылғы жылы 8 көшеге асфальт салдық. Жалпы 6 шақырымнан астам асфальт салынды. Келесі жылы біз жалпы Аягөз қаласында 20-ға жуық көшеге асфальт саламыз деп жатырмыз. Халықтың 70-80%-і жол мәселесін айтып жатыр. Себебі «жолымыз батпақ» дейді, балалар мектепке бара алмай, батып жатыр.

Келесі жылы Аягөз қаласының саябақтары түрленіп, көп қабатты тұрғын үйлердің аулалары да абаттандырылмақ. Көшелерге жаңадан бағдаршамдар мен бейнебақылау камералары орнатылады деген жоспар бар. Жергілікті атқамінерлердің сөзінше, инфрақұрылымды жақсарту жұмыстарына аудан бюджетінің 50%-ке жуығы бағытталады екен.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы