375,91 420,09 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Саясаттанушылар: Елдестіру ұлттық мүддемізбен үндес

  • 250
  • UPD: 22:08, 01.12.2019

Саясаттанушылардың пікірінше, 21 ғасырда әлемдік кеңістіктегі геосаяси жағдайлар тез өзгеріп, қауіпті дағдарыстар жиі туындап жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ кез келген дағдарыс тек бейбіт жолмен реттелуі тиіс.

Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы қағидаға берік. Жауласқан мемлекеттерді татуластыру ең әуелі ұлттық мүддеден туындаған прагматикалық шешім екенін айтады саясаттанушылар.

Соңғы 10 жылда адамзат тарихында «Араб көктемі» деген атпен Таяу Шығыстағы бірнеше елде қақтығыс болды. Солардың бірі – Сирия. 2011 жылы басталған текетірес әлі күнге дейін аяқталар емес. Тіпті әлемдік проблемаға айналып отыр.

Айдос Сарым, саясаттанушы:

– Әлемде бірнеше миллион сириялық босқын бар. Бір ғана Түркияның өзінде 2 миллион Сирияның босқыны жүр. Еуропаның өзінде миллионға жуық босқын жүр.

Осыған байланысты Елбасы Сириядағы жағдайды бейбіт жолмен шешу жөніндегі келіссіздерді Қазақстанда өткізу туралы бастама көтерді. Осылайша, ұзақ жылғы қақтығыстан кейін Сирия үкіметі мен қарулы оппозицияның өкілдері қазақ жерінде, бір үстелдің басында кездесті. Одан бері оннан астам кездесу өтті. Нәтиже жаман емес.

Айдос Сарым, саясаттанушы:

– Осының қасында болу, осыған бір жақсы ұсыныс беру, жақсы мәселені көтеру ол айналып келген кезде Қазақстанның әлеуетін көтереді. Бүгінгі күні әлемдік баспасөзге кіру үшін шынын айту керек кішкентай елдердің мүмкіндігі де жоқ. Осындай дүниелер арқылы, осындай дұрыс бастамалар арқылы Қазақстан әлемдік баспасөзге кірді.

Сирияның салқыны Ресей мен Түркияның қарым-қатынасына да әсер етті. 2015 жылы 24 қарашада Сирия-Түркия шекарасының маңында түрік әскерилері Ресейдің ұшағын атып түсірді. Бұл екі ел арасындағы дипломатиялық байланысқа сызат түсірді. Тек Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арағайындық жасағаннан кейін Путин мен Ердоған мәмілеге келді.

Дәуренбек Құсайынов, философия ғылымдарының докторы, профессор:

– Ең әуелі екеуімен де жекелей сөйлесіп, екеуінің де келісімін алып, екі мемлекет бір-бірімен қайтадан басқа форматта кездесіп, бұрынғыдай жақсы қарым-қатынас басталып кетті.

Ресей де, Түркия да – Қазақстанға стратегиялық серіктес мемлекет. Бірі көрші, екіншісі бауырлас ел. «Сондықтан екі елдің арасында қақтығыс туса, Қазақстанның ұлттық мүддесіне кері әсер етуі ықтимал еді», - дейді саясаттанушы Айдос Сарым.

Айдос Сарым, саясаттанушы:

– Елбасы – Ердоғанға да, Путинге де сөзі өтетін саясаткердің бірі. Енді Түркі әлемі де, ТМД аймағы да осы кеңістіктердің ақсақалы деген атауын бекерден-бекер берген жоқ.

Саясатта «Дипломатия аяқталған жерде соғыс басталады» деген қағида бар. Ал қантөгістің ешкімге пайда әкелмейтіні белгілі. Балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дипломатияға ерекше мән беретіні де сондықтан.

Ұлан Нарынбек, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы