375,91 420,09 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде биыл дүниеге келген балалардың 20-ға жуығына Елбасының есімі берілген

  • 199
  • UPD: 21:04, 01.12.2019
Ақтөбеде биыл дүниеге келген балалардың 20-ға жуығына Елбасының есімі берілген

Ақтөбеліктер арасында «Нұрсұлтан» есімі кең таралған, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Тек биыл дүниеге келген балалардың 20-ға жуығына тұңғыш Президенттің есімі беріліпті. Бұл Елбасына деген құрметтің бір ғана көрінісі дейді мамандар.

24 жастағы Нұрсұлтан әріптестері арасында зор құрметке ие. Ақтөбе ферроқорытпа зауытында балқытушы болып еңбек ететін ол, өз есімінің танымал екенін біледі. Сондықтан жұмысына әрдайым жауапкершілікпен қарап, адал атқаруды міндеті санайды. Оның айтуынша, есімін атасы қойған. Ал металлург болуды бала күнінен армандапты.

Нұрсұлтан Шығырбаев, зауыт жұмысшысы:

– Бұл мамандықты таңдаған себебім - нағыз еркектердің істейтін жұмысы. Шамалы адам істей алмайды. Бұл тек білектің күшімен ғана емес, ақыл-оймен, жүрекпен істейтін жұмыс. Металлург мамандығына өзім түстім, өзіме ұнағандықтан. Мүмкін сол Елбасындай болсын деп қойған атамыз.

«Нұрсұлтан» есімі ақтөбеліктер арасында 90 жылдардан бастап кең тараған. Ел тәуелсіздігінің алғашқы үш жылдығында қала бойынша 120-ға жуық балаға ата-аналары Елбасының есімін қойған. Бұл Тұңғыш Президентке деген зор құрметтің белгісі дейді азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мамандары.

Валентина Мамбетова, қалалық ахат бөлімінің басшысы:

– «Нұрсұлтан» есімінің аудармасы мен мағынасы өте әдемі. Ол есімді араб тілінен аударғанда «Нұр» - сәуле, екінші бөлігі «Сұлтан» әмірші деген мағынаны білдіреді. Соңғы жылдардың статистикалық мәліметін алсақ, 2015 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген балалардың 25-іне, 2016 жыл 24-іне, ал биыл 19 балаға «Нұрсұлтан» есімі берілді.

Ғалымдардың айтуынша, балаға танымал тұлғалардың есімін қою – көп ғасырдан жалғасып келе жатқан дәстүрлердің бірі. Әрі бұл халқымыздың даналығын білдіреді. Түптеп келгенде, ел басқарған хандар мен отанын қорғаған батырлар және ұлттың дамуына үлес қосқан ардақты азаматтарды ұлықтаудың бір көрінісі.

Дәулет Әбенов, тарих ғылымдарының докторы:

– Кез келген есім оның болашағын анықтайды. Ол болашағына әсер етеді. Адам болып қалыптасуына әсер етеді. Сондықтан біреуге еліктеп, «менің балам да сондай болсын» деп. Мысалы үшін Елбасының «Нұрсұлтан» деп балалар атының көбеюі тегіннен тегін емес. Сол азамат сияқты ел басқарсын, елге танымал болсын, елге жақсылығы, шапағаты тисін деген сияқты.

Дегенмен жаңа туған нәрестеге ат қоюда үлкен жауапкершіліктің барын ұмытпау керек дейді мамандар. Бұл ретте көпті көрген ата-әжелердің ақылын алудың дұрыс екенін айтады.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы