420,46 504.70 5.63
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда 14 мыңға жуық бала шахмат ойынының қыр-сырын терең меңгерген

  • 616
  • UPD: 09:16, 02.12.2019

Павлодарлық ата-аналар балаларының логикалық және зияткерлік ойлау қабілеті дамығанын қалайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ темірдей тәртіпке үйренсе дейді. Бұл тұрғыда шахмат ойыны таптырмас құрал. Сондықтан ұл-қыздарын зияткерлік ойын үйірмелеріне жаппай беріп жатыр. Сұраныстың жоғары болғаны соншалық, әр мектепте бір-бір үйірмеден ашылған.

Ойынның өрісі кең болғандықтан, облыста халықаралық дәрежедегі жарыстардың өтуі заңды құбылыс. Байрақты бәсекелердің қатарында Қазақстан кубогының «Павлодар open» атты үшінші кезеңінің бәсі биік. Бұл жолы 10 елден 140 шахматшы келіпті. Жарыс 15-ші жыл қатарынан өтуде.

Дмитрий Хегай, шахматтан халықаралық шебер (Ресей):

- Қарсыластарым өте мықты. Бірінші турда алға суырылып шықтым. Павлодарға осымен алтыншы жыл қатарынан келуім. Алғашқы нормативімді осында орындадым.

15 гроссмейстер, 25 халықаралық дәрежедегі шебер бас қосып, жас спортшыларға үлгі болды. 12 жастағы Әлфараби үшін бұл алғашқы халықаралық жарыс емес, бірақ маңызды дода.

Әлфараби Думанқызы, бірінші дәрежелі шахматшы (Семей):

- Әзірге бірінші дәрежем бар. Шығыс Қазақстан облысында қатарластарым арасында чемпионмын. Ел намысын халықаралық дәрежеде қорғағым келеді.

Жарысқа қатысқандардың ең кішісі алты жастағы бала болса, ең үлкені 70 жастағы қария. Бұл жарыс өңірде мықты шахмат мектебі қалыптасып, спортшылар сабақтастығының үзілмегенін айғақтайды. Тіпті патша ойыны әр мектепте міндетті пән ретінде енгізілген.

Аделя Торғаева, оқушы:

- Шахмат үйірмесі біздің логикалық ойлауымызды дамытады және осы өмірімізде әртүрлі мәселелерді шешуге көмектеседі. Мысалы, шешімді қалай дұрыс қабылдауға және әртүрлі тактиканы ұйымдастырады.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Бұл мектепте шахмат үйірмесіне аптасына 18 сағат бөлінген. Қазіргі таңда зияткерлік ойынға 150-ден астам ұл-қыз қызығушылық танытқан. Сала мамандарының айтуынша, топтар санын ұлғайту керек. Себебі, патшалар ойынын ойнаймын деушілердің қарасы қалың.

Мұғалімдердің айтуынша, шахмат оқушыларды гаджеттерге телмірмей, білімге көп көңіл бөлуге жетелейді.

Жүрсін Батталов, үйірме жетекшісі:

- Болашақта бұл балалар әр жүрісін, әр қадамын ойлайды деп ойлаймын. Неге десеңіз, шахматта жай жүріс керегі жоқ, ол үйренген емес. Әрбір ойынның өзінің әдісі бар, жүрісі бар, тактикасы бар. Сондықтан да өмірге көмектеседі. Шахматқа келіп жүрген балалар әр жүрісін де, әр сөзін де ойластырып сөйлейді.

Бүгінде ойын үйірмелері өңірдің 300-ден астам мектебінде бар. 14 мыңға жуық бала шахмат ойынының қыр-сырын терең меңгерген. Алдағы уақытта үйірмелер желісі артады деп күтілуде.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы