419,45 505.95 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оңтүстік Кореяда қазақстандықтар ойлап тапқан Campeat жобасы сәтті жұмыс істеп тұр

  • 721
  • UPD: 10:24, 02.12.2019

Кәмпит. Бұл – Оңтүстік Кореяда сәтті жұмыс істейтін стартап жобаның атауы. Оны Ислам Талапбаев пен Назерке Аманбек ойлап тапқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстандықтардың қызметін Оңтүстік Кореяның жүзден астам мейрамханасы пайдаланады.

Кәсіпкерлердің кеңсесі Сеулдің ең қымбат аудандарының бірі – әйгілі Псай әнінде айтылатын Каннамда орналасқан. Мұнда мейрамхана көп. Бірақ олар түскі және кешкі ас кезінде ғана толы, қалған уақытта бос. Қазақстандықтарды Campeat-тің негізін қалауға итермелеген де осы бос уақыт аралығы.

Ислам Талапбаев, «Campeat» стартапы негізін қалаушы:

- Адамдар көп келмейді екен кейбір уақыттарда. Мысалы, түстен кейін көп келмейді немесе кешкі тамақтан кейін көп келмейді. Сол уақыттарда адамдарды қалай көбірек тартсақ болады деген мақсат болды бізде. Сол мақсатты атқармақ болып осы Campeat деген платформаны құрдық.

Назерке Аманбек, «Campeat» стартапы негізін қалаушы:

- Өте көп жұмыс жасау керек. Ерінбеу керек. Алдыңа қойған мақсатқа жету керек. Біз студент болып жүрген кезімізде осындай қазіргі жағдайға жетеміз деп ойлаған жоқпыз. Стартапты бастаған кезде, келген кезде жүз адамға, мың адамға хабарлама жазатынбыз.

Ислам мен Назерке Ұлсандағы ғылым және технологиялар университетінде ағылшын тілінде білім алған. Ал корей тіліне шорқақтау. Бірақ бұл олардың жеке ісін бастауға кедергі болған жоқ. Campeat-тің жергілікті үш қызметкері ағылшын тілінде сөйлейді. 

Хван Сын Джин, «Campeat» стартапы құрылтайшысы:

- Біз командамыз, бірақ біздің өз міндеттеріміз бар. Ислам технологияның дамуына жауап береді, Назерке дизайн және жоспарлаумен айналысады. Мен маркетингпен және нарықта өз өнімімізді түсіну стратегиясымен айналысамын, серіктестер іздеймін, өйткені бұл венчурлық бизнес, бюджетті табу өте маңызды.

Ислам мен Назерке жай серіктестер емес. Келесі жылы олар өмірлеріндегі басты жобаны – отбасын құруды жоспарлап отыр. Ал олардың өнімі – «Campeat» Қазақстанда да пайда болуы мүмкін.

Ислам Талапбаев, «Campeat» стартапы негізін қалаушы:

- Осы жерде жинаған тәжірибемізді қазақ азаматтарына үйреткіміз келеді, бөліскіміз келеді. Ол үшін неше түрлі акселерациялық бағдарлама ашу ойымызда бар. Қазақстанда кішкентай командаларға осындай тренингтар жасап, қалай шетелге шығуды үйреткіміз келеді. Келешекте сондай ойларымыз бар.

Назерке Аманбек, «Campeat» стартапы негізін қалаушы:

- Қазақстанның экономикасын дамытуға үлесімізді қосқымыз келеді. Осы Қазақстан IT-технологияларын стартаптар бойынша оны осы әлемдік деңгейге көтергіміз келеді.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы