380,19 420 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Биыл Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдары 100-ден аса жобаны іске асырған

  • 208
  • UPD: 11:26, 02.12.2019

Биыл Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдары 100-ден аса жобаны іске асырған.

Ал, алдағы уақытта тұрмысы төмен және көп балалы отбасылармен жұмыс істеу жоспарланып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Азаматтық қоғам өкілдерінің мұндай ұсынысы мемлекеттік орган өкілдерімен өткен кездесуде айтылды.

Еңбек етіп, қоғамға пайда тигізу – Еламан Байғозиннің басты ұраны. Белсенді жас өзі секілді мақсаты айқын ондаған құрбы-құрдастарымен бірге жағдайы қиын жандарға көмектесіп келеді. «Алдымен жалғызбасты аналар мен қарттар және жетім балаларды қолдау басты назарда», дейді ол. Әрине, мұндай игі іс үшін кейде меценаттар мен қайырымды жандардың көмегі қажет болатынын айтады.

Еламан Байғозин, Үкіметтік емес ұйымның жетекшісі:

- Жалынды жастардың басын қосып, қоғамға қайырымдық жағынан өзіндік үлесімізді қосып жүрген жайымыз бар. Қазір біздің қоғамымыз мейірімділік пен қайырымдылыққа мұқтаж. Абай атамыз: «Біріңді қазақ, біріңді дос, көрмесең істің бәрі бос», дейді. Сол сияқты бір-бірімізді дос тұтып, бір-бірімізді бауыр тұтып, «әкел бері» деп қайғыны да, қуанышты да бөлісіп жүрген жайымыз бар.

Бүгінде әділет органдарында 700-ден астам коммерциялық емес ұйым тіркелген. Оның ішінде қоғамдық бірлестіктер, қорлар және түрлі меншіктегі мекемелер бар. Бірқатар бағыттар бойынша қызмет атқаратын топтардың жергілікті атқарушы органдармен де байланысы тығыз. Негізінен мемлекеттік тапсырыс аясында әрекет еткенімен, көптеген маңызды мәселелердің оң шешілуіне ықпал еткен.

Айгүл Дүйсенова, облыс бойынша үкіметтік емес ұйымдарының жетекшісі:

- Бүгінде азаматтық қоғам саласы аудандарда белсенді жұмыс істей бастады. Бұл он жыл ішінде қол жеткен жетістіктердің бірі. Үкіметтік емес ұйымдарды билік пен халық арасындағы алтын көпір деп айтуға болады. Әрине, бізге мемлекеттік қолдау түрлері, гранттар беріліп келеді. Алдағы уақытта көп балалы аналар, жағдайы нашар отбасы және жастар арасында суицидті болдырмауға қатысты жобалармен жұмыс істемек ойларымыз бар.

Биыл Ақтөбенің азаматтық қоғам саласы 100-ден аса жобаны іске асырған. Арасында әлеуметтік осал топ өкілдеріне қолдау көрсету, балалар мен әйелдердің құқын қорғау және өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін рухани-мәдени мұраны насихаттау секілді маңызды істер де бар. Ал, топтардың даму жоспарында мемлекеттік органдардан өзге бизнес саласымен де байланысты арттыру қарастырылып отыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы