420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда спорттық бағдарламалаудан әлем чемпионаты өтті

  • 647
  • UPD: 15:23, 03.12.2019

Қазақстан-Британ техникалық университетіне Орталық Азияның есепке жүйрік, ойы ұшқыр студенттері жиналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар спорттық бағдарламалаудан студенттік командалар арасындағы әлем чемпионатының жартылай финалына қатысты. Жартылай финал Алматымен қатар, Санкт-Петербург, Барнаул және Тбилиси қалаларында да бір мезетте өтті. Жарыста сондай-ақ, Орталық Азия және ТМД елдерінің чемпиондары анықталды

Әлемге әйгілі ACM ICPC халықаралық олимпиадасының жартылай финалы осымен төртінші жыл қатарынан Қазақстан-Британ техникалық университетінде өтті. Жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстаннан 70-тен астам команда қатысты. Бір командада 3 студенттен. Бәрі де өз елінің мықтылары. Оларға 12 есеп берілді.

Асқар Ақшабаев, ҚБТУ профессоры:

– Бес сағаттың ішінде командалар барынша есеп шығаруы керек. Әр есепке қазылар алқасының дайындаған тестері бар. Сол тест бағдарламаға беріледі. Егер бүкіл тапсырмаға дұрыс жауап берсе, онда есеп шығарылды деп есептеледі. Кім көп есеп шығарады, сол ұтады.

Бұл чемпионат өткен ғасырдың 70 жылдары АҚШ-та басталған. Біздің елдің студенттері оған 2003 жылдан бері қатысып келеді. Қазақстан-Британ техникалық университетінің командасы чемпионаттың шешуші сынына 6 рет шыққан. Осындай жаһандық зияткерлік жарыстарға қатысу қазақстандық студенттерге цифрлық әлемнің соңғы жаңалықтарынан қалыс қалмауға мүмкіндік береді.

Расим Сулиев, ҚБТУ ақпараттық технологиялар факультетінің деканы, ұйымдастыру комитетінің төрағасы:

– Жарыс BTS Digital компаниясының қолдауымен өтті. Бұл командалық чемпионат болғандықтан студенттер жыл бойы тыңғылықты дайындалады. Оларға арнайы жаттықтырушылар бөлінеді. Өйткені, бұл жердегі бәсеке өте күшті.  

Спорттық бағдарламалаудан әлем чемпионатының кезекті финалы 2020 жылдың маусым айында Ресейде өтеді. Дүниежүзінің түпкір-түпкірінен жиналған 150-ге жуық студенттер командасы чемпион атағы үшін сайысады.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Ерлан Шалбаев.

Хабар 24 телеарнасы