414,13 452,15 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Болгария еңбек мигранттарын елге қайтаруға ниетті

  • 394
  • UPD: 19:43, 03.12.2019

Болгария еңбек миграциясын тоқтатып, өз жұмысшыларын отанына қайтаруға күш салып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі, ел экономикасы жұмысшы күшіне зәру. Мәліметке қарағанда, соңғы жылдары Болгариядан шетелге кеткен адамдардың саны 2 миллионға жеткен. Ал елдегі жұмыссыздық 3,5%-ті құрайды.

Болгарлар шетелге жақсы жұмыс пен жоғары жалақы үшін кетіп, онда ұзақ уақыт қалуға тырысады. Еңбек мигранттары көбіне Германия, Франция, Дания елдеріне барады. Шетелде жұмыс істеудің қаншалықты кең таралғынын ресми деректер көрсетсе керек. Былтыр болгарлар шетелден туған-туыстарына 1 миллиард еуродан астам қаржы жөнелткен.

Максим Бурмицкий, заң компаниясының директоры:

- Адамдар шетелге жақсы өмір іздеп барады. Сұранысқа ие мамандар жақсы жұмыс тауып, ал қалғандары кез келген ұсынысқа қанағат етеді. Бірақ кей жағдайда бұл мәселені шешеді деп айтуға келмейді.

Әлеуметтанушылардың дерегіне қарағанда, шетелде жұмыс істеп жатқан болгарлардың 70%-і кей талаптар орындалса, елге оралуға дайын. Еңбек және әлеуметтік саясат министрлігі азаматтарын елге қайтару бойынша арнайы бағдарлама әзірлеген. Ол келесі жылдан бастап жүзеге асуы тиіс. Онда бір жылдың ішінде әр ай сайын еңбекақыға 600 еуро үстемеақы қосу қарастырылған.

Илиан Радев, әлеуметтанушы:

Біз экономикалық көрсеткіштер мен мүдделер заманында өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан шетелдегі болгарларды отанына қайтару оңай емес. Мемлекеттің мүмкіндіктері шектеулі. Тұрғындардың көбінің кірісі орташа. Болгария Еуроодақта бұл көрсеткіш бойынша соңғы орында. Сондықтан кедейшіліктен қашқан азаматтарды қайтару сөзбен емес, іспен жүзеге асырылуы тиіс.

Ал жаңа еңбек заңына сәйкес шетелден отанына оралған азаматтардың баспананы жалдау ақысы, күтушінің жалақысы және отбасы мүшелерінің болгар тілін үйренуіне кететін шығынды мемлекет көтереді.

Авторлары: Наталья Абильдина, Дмитрий Лукша, Борис Димитров

Хабар 24 телеарнасы