380,19 420 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайдағы аурухана қыс мезгілінде тұрақты мекені жоқтардың панасына айналады

  • 222
  • UPD: 08:39, 04.12.2019

Қыс келсе Қостанай қалалық ауруханасы тұрақты мекені жоқ қаңғыбастардың уақытша панасына айналады. Себебі аяқ-қолдарын үсік шалған кісілердің қарасы көбейеді. Дәрігерлер болса оларды қуып шығуға аяйды. Ал қайта әлеуметтендіру орталығында орын тапшы.

Анатолий Алагузов мұнда қазан айынан бері жатыр. Дәрігерлер оның аяғының башпайларын кесіп тастаған. Барар жері жоқ ер адам осында көктемге дейін болатынын айтады. 

Анатолий Алагузов, қалалық аурухананың емделушісі:

- Түнде аялдамада ұйықтап қалдым. Оянғанда аяғымның басы жансызданып қалғанын сездім. Қу арақтың кесірінен осындай жағдайға душар болдым. 

Үшінші, төртінші дәрежелі үсік шалған қаңғыбастар амбулаторлы түрде емделеді. Ауруханаға олар ауыр халде жеткізіледі. Кейбіреулерін жансақтау бөліміне жатқызуға да тура келеді. 

Артем Тисленко, қалалық аурухананың дәрігері:

-Адамдар далада ұйықтап қалады. Аяқ киімдерін жоғалтып, үсік алады. Ауруханада олар тегін тамақтанады. Барар жерлері болмағасын күн жылығанша бізде жатады.  

Қайта әлеуметтендіру орталығында қазір тұрғылықты жері жоқ, түрмеден босатылған 42 адам тұрады. Одан артық алуға орын жоқ. Үш жыл бұрын жасалған күрделі жөндеуден кейін жатын орындар саны екі есе қысқарған. 

Айжан Қаркенова, қайта әлеуметтендіру орталығы басшысының орынбасары:

- Қосымша орындар бізге керек. 2020-21 жылдарға арналған жоба бар. Оның негізінде 58 орындық қосымша ғимарат салу көзделген. Сәтін салса орталық сыйымдылығы 100 орындық болады.  

Жалғызбасты Елена Бровкина орталықта 2017 жылдан бері жатыр. Күйеуі қайтыс болғанда баспанасынан айырылып, далада қалған. Біреуде үй күтушісі боп істеп жүргенде аяғын сындырып алып, амалсыздан орталыққа түскен. 

Елена Бровкина, қайта әлеуметтендіру орталығының қызмет алушысы:

- Туыстарым жоқ. Балам Ресейде тұрады. Менің хал-жағдайымнан хабарсыз. Орталық мамандары құжаттарымды жасап беріп, үй кезегіне тіркеуге жәрдемдесті. Қазір тұрақты зейнетақым бар. Аяққа нық тұрғасын қарттар үйіне ауысамын. 

Қосымша ғимарат тұрғызу бастамасы 11 жыл бұрын көтерілген. Тіпті 242 млн теңгенің жобалық-сметалық құжаттары да дайындалған. Алайда уәде етілген қаражат түспеген. 

Ақбөпе Манатова, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

- Жобалық смета болған 2008 жылы. Бірақ оның мерзімі өтіп кетті. Өйткені оның мерзімі 3 жыл. Ендігі жылы бұл жобаны іске асыру үшін тағы да бұл мәселені көтеретін боламыз. Жобаны басқаша қарастыру керек. Оның ақшасы да басқаша болады.  

Лариса Антоненко бірнеше айдан бері осы ауладағы жылу құбырын паналап жүр. Қалаға ауданнан зейнетақы рәсімдеуге келгенде далада қалған. 

Лариса Антоненко:

- Мен қайда барамын? Бір жерге барып көмек сұрағым келмейді. Себебі ешкім қол ұшын созбайтынын білемін. 

Оның қайта әлеуметтендіру орталығына баратындай шамасы жоқ. Денесін жылу батареясында күйдіріп алғаннан жөнді қозғала алмайды. 

Юлия Шалоткина:

- Орталықта орын жоқ. Қыста адамдарға лық толады. Енді қайда барсын? Осы жерде күн кешеді. 

Данияр Сұлтан, тілші:

- Қытымыр қыстың аязды күндері әлі алда. Егер әлеуметтік қызмет орындары жаңа жобаларды жүзеге асыруда қарекет қылмаса, онда кәріз құдықтары мен жылу құбырларын паналаушылар саны азаймасы анық. Дегенмен, оларға баламалы нұсқа ретінде кешкі алтыдан таңғы онға дейін істейтін уақытша түнеу орталығының қызметі ұсынылған. Өкішітісі ондағы орын шектеулі. Бар-жоғы 50 адамға ғана есептелген.  

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы