419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шамалғандағы жаяу жүргіншілер көпірі келер жылы пайдалануға беріледі

  • 822
  • UPD: 23:51, 04.12.2019

Алматы облысындағы Шамалған теміржол бекетінде көпір құрылысы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Естеріңізде болса, биыл қыркүйектің ортасында теміржол өткелінде пойыз бен жолаушылар автобусы соқтығысуы салдарынан  бір адам қаза болып, үш кісі ауыр дене жарақатын алды. Сол оқиғадан кейін шамалғандықтар облыс әкімдігінен тез арада жол айрық пен көпір құрылысын бастауды талап еткен. Міне екі айдан кейін аспалы көпірдің іргесі қаланды.

Теміржол бекетіндегі тіршілік сол қалпы. Өткелден ерсілі-қарсылы өтетін көлік те, адам да көп. Халықтың тілегін  ескерген облыс әкімдігі алдымен жаяу жүргішілер үшін көпірдің құрылысын бастады. Қазір іргетасы қаланып, табаны нығайтылып жатыр. Құрылысшылардың айтуынша, көпірдің биіктігі 11, ұзындығы 60 метр болады. 

Серғазы Кенішқалиев, құрылыс алаңының басшысы:

– Қазір жұмыс қарқынды басталды. Бұйыртса осы жаңа жылға дейін көпірдің екі жақ іргетасын жер бетіне шығарып, дайындаймыз.

Көпірдің салынғаннан кейін жолдан өту мәдениеті мен қауіпсіздігі артса игі. Әйтпесе, алыстан ысқырып келе жатқан локомотивтерді естісе де ережені елемейтіндер бар. Ал кешқұрым автокөлік кептелісі көбеймесе, азайған жоқ.

Алмас Садуақас, тілші:

– Дәл осы өткелден күнделікті 20 мың автокөлік пен жүздеген пойыз өтеді. Көлік кептелісі жиі болады. Бұл мәселені шамалғандықтар жергілікті билік пен «Қазавтожол» мекемесі жиі шамданып айтқан. Осыдан екі ай бұрын болған үлкен кездесуде бұл мәселелерді жергілікті билік қаперге алып, осы жерде жол айрығын салу мәселесі көтерілген еді. Алайда жол айрығын жасаушы «Қазавтожол» мекемесі оны қашан бастайтыны  әзірге белгісіз.

Арун Шуланов, ауыл тұрғыны:

– Көпір керек. Көпірсіз қанша адам кетіп жатыр. Қанша апат болып жатыр. Осы көпір салынғанда ештеңе болмас еді.

Тәрбие Қошпағанбетова, ауыл тұрғыны:

– Мына жерге көпір салынғаны Шамалған халқы үшін өте пайдалы. Осыны қанша адамдар армандаған. Біріншіден, мына жолымыз тар, міне. Қаскелеңнен, қала жақтан келеді. Қаншама апат болып жатады. Бәрі халық оған куә.

Ал жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысы келесі жылдың мамыр айында аяқталып, ел игілігіне тапсырылмақ. Жергілікті тұрғындар  құрылысы тежелмей, жедел іске асса деп отыр.

Авторлары: Алмас Садуақас, Саржан Жұмабаев.

Хабар 24 телеарнасы