376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда – Құмкөл трассасында жол апатына ұшырағандарға қолдау көрсетіледі

  • 227
  • UPD: 11:52, 05.12.2019
Қызылорда – Құмкөл трассасында жол апатына ұшырағандарға қолдау көрсетіледі

Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов Қызылорда – Құмкөл автожолында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен азаматтардың жағдайын білу үшін облыстық медицина орталығы мен қалалық ауруханаға барды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Облыс әкімімен бірге емдеу орындарына қала әкімі мен облыстық мәслихат хатшысы, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары және облыс әкімінің орынбасарлары барды.

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов жол-көлік оқиғасы салдарынан облыстық медицина орталығы мен қалалық ауруханада ем алып жатқан науқастардың жағдайын білді. Облыстың көпбейінді ауруханасына 17 азамат түрлі дене жарақатымен жеткізілген. Оның ішінде 6 адам жансақтау бөліміне орналастырылды. Ал 5 адамға қажетті ем шаралары көрсетіліп, үйіне қайтарылған. Қалалық ауруханаға 4 адам жеткізіліп, оның 2-і жансақтау бөлімінде. Қазір оларға тиісті медициналық көмек көрсетілуде, қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілген.

Айта кету керек, оқиға орнына дер кезінде төтенше жағдайлар департменті, жол-патрульдік қызметі, медициналық орталық, жедел жәрдем және санитарлық авиация қызметкерлері мен қажетті техника жұмылдырылды. Сондай-ақ, облыс әкімі құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс жедел отырысын өткізіп, тиісті сала басшыларына тапсырма берді.

«Соңғы болған жол-көлік оқиғасына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, полиция мен жергілікті атқарушы органдардың құқық бұзушылық профилактикасы жұмыстарына қатысты ескерту айтты. Облыстық полиция департаменті тарапынан берілген ұсыныстарға барынша қолдау көрсетіліп келеді. Тиісті қаржы бөлініп, материалдық-техникалық база жыл сайын жаңартылуда. Алайда, одан нәтиже жоқ. Жұмыс осы деңгейде қалатын болса, ҚР Ішкі істер минстрлігіне облыстық полиция департаменті жауапты басшыларының атқарып отырған лауазымдарына сәйкестігі жөнінде ұсыныс беретін боламын», - деді облыс әкімі құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс жедел отырысында.

Сондай-ақ аймақ басшысы көлік апатынан қаза тапқан азаматтардың жақындарына көңіл айтып, Түркістан облысы мен Шымкент қаласының әкімдеріне жеделхат жолдады.

«Жарақат алған азаматтарға біздің тарапымыздан қажетті көмек көрсетілетін болады. Емдеу шаралары толықтай жасалады. Емделушілердің тез сауығып, отбасына аман-есен оралуына тілектеспін», - деді облыс әкімі.

Хабар 24 телеарнасы