420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жол бойындағы дәретханалар жағдайы жолаушының көңілін көншітпейді

  • 739
  • UPD: 21:04, 05.12.2019

Еліміздің көптеген аймағында жол бойындағы сервис дамымай тұр. Мәселен, Алматы облысының жолдарында 328 сервистік қызмет көрсету орталығы болғанымен соның тек 150-і ғана ұлттық стандартқа сай келеді. Қалғанында не көлік тұрағы жоқ, болмаса басқа шарттар орындалмаған. Яғни мемлекет бекіткен талап үдесінен шықпайды. Жолаушыларға қызмет көрсететін нысандар қашан ретке келтіріледі? 

Алматы-Талдықорған тас жолымен тәулігіне 20 мыңға жуық көлік жүреді. Ондағы жолаушыларға 30 сервистік орталық қызмет көрсетіп отыр.  Соның басым бөлігі ұлттық стандартқа сай келеді екен.  

Ренат Мырзагелдиев, «Қазавтожол» ҰК АҚ АОФ бас маманы:

- 2017 жылдан бастап 30 жол бойындағы сервистік ұлттық стандартқа сай келген. 2017 жылдан бастап, жергілікті атқару органдарымен, облыстық мәслихат депутаттары, ТЖД, экология департаментімен бірігіп, өзіміздің мердігер мекемемен «Казахавтодор» мекемесімен  ай сайын рейдтер ұйымдастырып тұрамыз. Соның нәтижесінде 2019 жылға біз 25 бірлікке дейін жеткізді. Яғни 80 пайыздайы ұлттық стандартқа сай.  

Сервистік қызмет көрсететін орталыққа көлік жөндейтін тұрақтар мен қоғамдық дәретханалар да жатады. Күре жолдың бойында олардың 42-сі тұр. Жолаушылар сол қажеттілік орындарының күтіміне көңілі толмайтынын айтады. 

Баршын Тойшыбекова, жолаушы:

- Дәретханалар салып қойыпты. Онысы дұрыс қой деп кіріп шығып едім. Тазалық жоқ.               

Нұрсахан Мұхиса, жолаушы:

- Таза емес десек те болады. Өйткені баса алмайсың. Жолды алғаш салғанда әкеліп қойған туалеттер ғой бұлар. Енді осыны кішкене таза ұстайтын адам болса. 

Бұл дәретханалар алдағы уақытта алынып тасталмақ. Оның орнына әрбір 50 шақырым сайын санитарлы гигиеналық нысандар тұрғызылады. Соның алғашқысы былтыр Арқарлы асуына қойылған болатын.

Аманғазы Сейсенбаев, мердігер мекеме өкілі:

- Модульді абаттандырылған дәретхана 24 сағат бойы жұмыс істейді. Бұның ішінде жылы дәретхана, екінші дәретхана мүгедектерге арналған. Арбамен кедергісіз кіріп шығуға болады. Екінші жағында шай ішіп, жылынып алуға мүмкіндік бар. 

Жол бойындағы сервистік қызмет көрсету орталықтары  4 санат бойынша тексеріледі. Барлығында көлік тұрағы, дүкен, демалыс орны    болуы керек. Осының біреуі жоқ болса, нысан талапқа сай емес деп есептеледі.  

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Алматы облысында 178 сервистік қызмет көрсету орталығы талапқа сай келмейді. Сала мамандары алдағы екі жылда олардың барлығын ұлттық стандартқа сәйкестендірмек. Ал жаңадан салынатын нысандарды өңірде құрылған жұмыс тобы бақылайтын болады.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы