375,91 420,09 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда маршрутты такси жүргізушілері дабыл қақты

  • 149
  • UPD: 20:28, 05.12.2019
Павлодарда маршрутты такси жүргізушілері дабыл қақты

Ертіс өңірінің маршруттық такси жүргізушілері дабыл қақты. Себебі жолаушы тасымалдауға жауапты мемлекеттік орган қозғалыс жиілігін бес минуттан сегіз минутқа дейін ұзартқан. Жүргізушілер үйреншікті уақыт бойынша жүрмейтін болғандықтан жолаушылардан айырылып қаламыз ба деп алаңдаулы. 

Оларға қозғалыс жиілігін ұзарту туралы жауапты мемлекеттік мекеме өкілдері хабарлап, талап қойыпты. Жаңашылдықтан кейін тасымалдаушылар бұл соңғы аялдамада бұрынғыдай 15 минут емес, бір сағатқа дейін тұруға мәжбүр. Соның салдарынан жолаушыларға діттеген жерлеріне жету қиындап кеткен. Әсіресе, таңғы уақытта жолаушылар аялдамаларда ұзақ тұруға мәжбүр. Бүгінде облыс орталығындағы қоғамдық көлік желісінде 33 автобус бағыты бар. Оның 12-сі шағын классты көліктерге тиесілі. Тасымалға қатысты шудан кейін Павлодар қаласының билігі жүргізушілермен кездесті. Олардың пікірлерін тыңдап, қозғалыс жиілігінің ұзартылуын адал бәсекелестік ортасын қалыптастыруға бағытталған шара деп түсіндірді. Сондай-ақ сала жұмысын реттеудегі және тасымалдағы заңсыздықтарды жою мақсаты көзделетінін де жеткізді. Кездесу нәтижесінде жергілікті билік өкілдері мәселені қайта қарап, барлығына қолайлы орта қалыптастырамыз деп уәде берді.  

Сәрсен Симанбаев, жүргізуші:

- Кісілер сыймайды, қазір суық. Кісілер бізге ренжіп жатыр. Айтады, қалай тоқтамайсыңдар остановкада? Остановкадан өтіп кетеміз. Мұнда бір-екі остановка, толып қалады. Ала алмаймыз кісілерді, олар жұмыстан қалып жатыр.

- Біз мұнда тұрамыз бір сағат мұнда, бір сағат ана жақта конечкада. Төрт круг жасаймыз, еңбек аз болып қалды. 

Қайрат Нүкенов, қала әкімі:

- Шағын автобустардың қозғалыс жиілігін ұзарту пилоттық режимдегі шара. Алдағы уақытта жолаушы тасымалын бақылаймыз. Егер жолаушылар мен тасымалдаушыларға ыңғайсыз болса, жиілікті қысқартуымыз мүмкін. Өзге де шағымдар болып жатса, оларды да шешуге тырысамыз. Қос тараптың пікірі міндетті түрде ескеріледі.

Хабар 24 телеарнасы