425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайлықтар үлескерлік баспанасына 3 жыл бойы қол жеткізе алмай жүр

  • 504
  • UPD: 23:11, 05.12.2019
Қостанайлықтар үлескерлік баспанасына 3 жыл бойы қол жеткізе алмай жүр

Қостанайда 80-ге жуық отбасы үш жыл бойы баспанасын ала алмай жүр. Миллиондаған қаржы құйылған компания құрылыс жұмыстарын 2016 жылы аяқтаймыз деп уәде берген. Ал іс жүзінде тұрғын үй әлі тапсырылған жоқ. 

Қостанайдың қақ ортасындағы мына құрылыс нысаны 80-ге жуық отбасының басын қосты. Армандаған үйін ала алмаған тұрғындар, құрылыс алаңына ай сайын жиналады. Алайда, болашақ баспанасынан үміт үзгендер де бар. 

Евгений Лошкарев, салымшы:

- Көпшілігі күте-күте шаршады. Осы үйге салымшы болғандардың тағдыры сан алуан. Бірі басқа жаққа көшіп кетсе, енді бірі өмірден өтті. Балалары дүниеге келгенде қаржы құйғандар да бар. Қазір ол балалар мектеп бітірді. Ал біз әлі үйімізді ала алмай жүрміз. 

Құрылыс компаниясы да жергілікті билік өкілдері де бұл үйдің жақын арада аяқталатынын айтқан. Алайда, ұзақ жылдар бойы берілген уәде орындалмады. Сондай-ақ,  салымшылар пәтерлердің бір емес бірнеше мәрте сатылғанын анықтаған. Ал үйдің қазіргі түрі бастапқы жобадан өзгеше болып шыққан. Бірақ қала тұрғындары бұған да көнуге дайын. Тек үйді тапсырса болғаны. 

Жаңыл Әбілтаева, салымшы:

- Адамдардың төзімі таусылды. Жүйкеміз әбден жұқарды. Құрылыс компаниясының жауапкершігі жоқ. Келісім-шарттағы талаптарды орындамаса, оған қарсы санкциялар қолдану керек. 

Негізінде құрылыс компаниясына қатысты бірнеше рет санкциялар қолданған. Мекеме құырылыс нысанын тұрғызғанда жіберілген қателіктері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қазір компания өз кінәсін мойындап отыр. Үйдің уақытында тапсырылмауын олар төрт жыл бұрын ауысқан доллар бағамымен байланыстырады. Ал баспана келер жылдың басында беріледі деп сендірді.

Юрий Калугин, құрылыс компаниясының директоры:

- Бүгінгі таңда 300 миллион теңге тартылды. Ғимараттың қаңқасын көтердік. Шатырдың жоғарғы жағын аяқтап жатырмыз. Яғни қазір енді су өтпейді. Жылу қосылғанда үйдің ішін кептіріп, жұмыстарды жалғастырамыз. 

Баспана мәселесі баспасөз беттерінде бірнеше рет айтылды. Аяқталмаған құрылыс нысанының ертеңі жайлы жергілікті билік өкілдерінен тағы да сұрап көрдік. 

Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:

- Мен құрылыс алаңында бірнеше рет болдым. Бүгінгі таңда  жұмыстың 99,9 проценті іске асырылды. Мұнда адамдар түсіністікпен қарады деп айтуға болады. Әрине шағымдар болды. Бірақ біз барлық арыздар бойынша жұмыс істедік. Нақты мерзімін айта алмаймын. Бірақ жақын арада үй пайдалануға беріледі. 

Түрлі уәдені естіген үлескерлер бұл сөзге де сенбей отыр. Бірақ амал жоқ, үмітті де үзбейді.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы