378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында жол бойындағы сервистік қызметтің сапасы сын көтермей тұр

  • 169
  • UPD: 22:04, 06.12.2019

Жамбыл облысындағы Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомагистралінің бойында да сервистік қызмет көрсету кешендері аз.

Қазір қашықтығы 495 шақырымдық жолда небәрі ірі және шағын 61 нысан жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандардың айтуынша оның 25-і ғана Ұлттық стандартқа сәйкес келеді.

Ал ең сорақысы, халықаралық жолдың бойында халықаралық талапқа сай келетін бірде-бір кешен жоқ.

Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінің Жамбыл өңіріндегі бөлігінің құрылысы аяқталғалы бері 5 жылға жуық уақыт өтсе де, әлі күнге дейін халықаралық талапқа сай қызмет көрсететін сервистік нысандар салынбаған. Жүздеген шақырым жол жүріп, шаршаған жолаушылар тынығатын жөні түзу демалыс орындары саусақпен санарлық. Мамандардың айтуынша, 2013-2020 жылдары аралығында жол бойында кемінде 8 жоғары санаттағы сервистік кешендер салынуы тиіс болған. Алайда бүгінгі күні оның 4-5-і ғана бой көтерген көрінеді.

Сәкен Бейсенов, жүргізуші:

- Екі күннен бері жол жүріп келе жатырмын Павлодардан. Жол-жөнекей енді жолаушылардың жағдайы жақсы жасалмаған. Әсіресе, мына әжетханаларды. Міне, қыстың көзі қырау. Сәл жылы сумен қамтып, тазалық жөнінен қараса деген өтінішім бар.

Автомагистраль туристерді тарихи шаһарға апаратын күре жол. Жол төселгелі бері мұнда темір тұлпарлардың нөпірі артып, қазір тәулігіне 8 мыңнан астам көлік жүретін болған. Арада он мыңдаған жолаушы күнделікті қатынайды. Туризмді түлетеміз деп Тараз қаласы көркейтіліп, тарихи орындар жер жаһанға жарнамаланып жатыр. Ал, мұнда сервисті былай қойғанда, әжетхана мен тазалық мәселесі әлі күнге дейін проблема.

Рашид Құсымбетов, жүргізуші:

Таза емес. Нашар. Ішіне кіруге адам жиіркенеді. Шынын айтқанда. Ал былай әжетхана жоқ емес, бар жолда. Тазалық жоқ.

Ал, тазалыққа жауапты мекеме қызметкерлерінің уәжі басқа.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- «Тексермейді» деп айта салған болу керек. 100% таза деген соң белгіленген орындардың қалаға жақын бірнешеуін аралап көрдік. Көріністі сипаттамай-ақ кадрдан көріңіздер.

Алмат Елесбек, «қазавтожол» ҰК» АҚ ЖОФ бас маманы:

- Бактің ішіне дұрыстап лақтырса, таза ұстаса, тазалық болады. Ол өзімізге байланысты. Таза ұстау, ұстамау. 92 туалет. 92 туалеттің жанында қоқыс төгетін бактар бар. Әр айдың 15-іне тексереміз. Аптасына 3 рет тазаланады.

Биыл жыл соңына дейін жол бойынан заманауи талапқа сай келетін 10 жылы әжетхана салу жоспарланып отыр. Қазір 4 ауданның аумағында электр желілері тартылып, құрылыс жұмыстары басталған ұқсайды. «Іске сәт» дедік. Туризм туалетке тірелмес. Бірақ «әдемілік әжетханадан басталады» демеуші ме еді.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы