376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан Жазушылар одағының ұлттың шежіре-тарихын сақтауда еңбегі зор

  • 265
  • UPD: 15:51, 07.12.2019

Биыл қазақтың рухани ордасы Жазушылар одағының құрылғанына 85 жыл. Қазақстан жазушылар одағы ұлттың  шежіре-тарихын сақтауда сүбелі еңбек атқарып келеді. Ал жазушыларымыздың қаламынан туған шығармалар әлемнің 40-тан астам тіліне аударылып, әлем әдебиетінің бай мұрасын толықтырды. Таяуда ғана «Қазақ әдебиетінің антологиясы» армян тіліне аударылып, кітап болып басылды.

Қазақстан Жазушылар Одағы 1934 жылы құрылып, алғашқы басқарма төрағасы болып Ілияс Жансүгіров сайланады. Ғасырға жуық кезеңде одақты қазақтың кемеңгер тұлғалары- Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Ғабит Мүсірепов, Жұбан Молдағалиев және басқа да белгілі ақын-жазушылар басқарды. Олардың біразы ұлттық құндылықтармызды дәріптеп,  жоғын түгендеп, барын қастерлеуде талай қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткізді.

Ұлт мүддесін шығармасына арқау еткен қаншама зиялыларымыз қуғын-сүргін құрбаны болды. Соған қарамастан қазақ әдебиеті әлемге танылды. Мәселен, бір Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы бірнеше тілге аударылды.

Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:

- Біздің бағымызға орай, «Рухани жаңғыру бағдарламасы қабылданды. Ұлттың жеті қыры бағдарламасы қабылданды. Соның ішінде біз елге, жұртқа керекті дүниелерді біз өзіміздің жобамызға айналдырдық. Бұның барлығы әдебиеттің игілігі үшін жасалып жатқан шаруа. Жазушылар одағы жанынан баспа аштық. Ол да қаражаты табылып жатса кітаптар шығаруға дайын.

Одақтың әдебиет әлеміне қадам басқан жас ақын-жазушылардың қанатын қатайтып, шығармашылығын шыңдауда орны ерекше. Олардың тырнақалды туындыларының жарыққа шығуына ықпал етті. Қазір бұл ұйымның құрамында 800-ге жуық қаламгер бар. Биыл одақтың тікелей ұйытқы болуымен Азия жазушыларының форумы өтті. Оған 40-қа жуық елден 300 қаламгер қатысты. Сондай ақ қазір жазушылар басқармасы облыстарда тұратын ақын-жазушыларды әлеуметтік қамтамасыз ету жағынан грант тағайындау ісін қолға алған.

Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:

- Қазір біз мәдениет министрлігімен мәміленің арқасында жыль сайын Жазушылар Одағына қаламақы төлеу деген мәселені қолға алдық. Былтыр 25 жазушының кітабы сатып алынса, биыл 60-қа жуық жазушының кітабы алынып жатыр. Сол сияқты бұл жылдан жылға қаламақы төлейтін кітаптардың саны арта береді. Бұның барлығы әдебиеттің игілігі үшін жасалып жатқан шаруа.

Ал Қазақстан жазушылар одағының 85 жылдық мерейтойына арналған халықаралық пленум 9 желтоқсан күні Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында өткізіледі.

Авторлары: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы