377,29 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да тауарлы сүт фермасы ашылды

  • 166
  • UPD: 22:41, 07.12.2019

Солтүстік Қазақстанда тағы бір заманауи тауарлы сүт фермасы іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құны 1 миллиард 200 миллион теңге болатын жобаны жергілікті кәсіпкер «Туған Жер» бағдарламасы аясында жүзеге асырды. Жаңа кешен мың бас сиырға арналған.

Осыған дейін туған ауылына балабақша, мешіт салып берген іскер азамат осы күзде көше бойын асфальттаған еді.

Владимир Корнеченко – қаладан ауылға көшіп барған жандардың бірі. Қазір ол тың технологияның тілін тауып, шетелдік қондырғыны басқарады. Күніне мұнда 5 тоннадан астам сүт сауылады. 

Владимир Корнейченко, тауарлы сүт фермасының операторы:

– Бұл бағдарламада ірі қаралар жайлы толық ақпарат сақтаулы. Салмағы қанша? Сиырлар күніне қанша литр сүт берді? Егер де ірі қараның денсаулығынан кінәрат табылса, компьютер оны бірден анықтайды. Кейін ветеринардың қарауына жібереміз. 

Цифрландырылған мал кешенін туған жерін түлетіп отырған кәсіпкер Біржан Шәймерденов ашты. 600 бас асылтұқымды сиырды Австрияның бірнеше шаруашылығынан арнайы таңдап сатып алған. Бүгінде олардың 90 проценттен астамы төлдеп үлгерді. 

Біржан Шәймерденов, кәсіпкер:

– Президенттің тапсырмасы ғой бұл. Қазір енді жермен ғана айналыспай, малмен де айналысу керек. 1 миллиард 200 миллион теңге ақша шығарып, осы құрылысты өз күшімізбен салдық. Үкіметтен 600 басқа ақша алдық. 570 миллион көлемінде.

Ферма ашылысымен тағы 30-ға жуық адам жұмыспен қамтылды.

Самат Қайырденұлы, тілші:

– Бұрындары бұл жер жазық дала болатын. Айналасы аз уақыттың ішінде сүт тауарлы фермасы пайда болды. Енді болашақта мұнда тағы бірнеше кешен бой көтермек.  

Жыл соңына дейін өңірде тағы бір осындай цифрлық мал шаруашылығы кешені пайдалануға беріледі.

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

– Мемлекет тарапынан осы мал шаруашылығы саласына біраз демеушілік жасаланып жатыр. Мысалы, былтыр асылтұқымды сатып алу үшін 337 мың теңге жеңілдіктер  болған еді. Ал келесі жылдан бастап асылтұқымды алу үшін әрбір басқа 50 процент жеңілдіктер мемлекет тарапынан төленетін болады. Келер жылы ең кемінде 10 жаңа заманауи ферманың құрылысын бастайын деп отырмыз.

Бүгінде «Туған жер» бағдарламасы аясында шағын ауылдардың дамуына үлесін қосқан кәсіпкерлер аз емес. Тек биылғы 11 айда облыста қалталы азаматтардың көмегімен 600-ден астам жоба жүзеге асты.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев.

Хабар 24 телеарнасы