378,36 406,00 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылордада жаңа компьютерлі томограф іске қосылды

  • 199
  • UPD: 08:57, 09.12.2019

Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасында жаңа компьютерлі томограф іске қосылды,  деп хабарлайды «Хабар 24»

Жергілікті бюджеттен 440 миллион теңгеге әкелінген аппарат жедел инфаркт, инсульт алған науқастардың диагнозын дәл анықтайды. Жуырда ғана қан тамырларын рентген сәулелері арқылы тексеріп, жоғары технологиялық көмек берілуін қамтамасыз ететін ангиограф қолданысқа енген болатын. Заманауи қондырғылар өңірде операция жасау кезектілігін азайтып отыр. 

Медицинада «алтын уақыт» саналатын алғашқы бір сағаттың өзекті екенін Әбубәкір Нысанбетов өз басымен сезінді. 7-8 жылдан бері жүрегі мазалап жүрген шиелілік азамат аяқ астынан инфаркт алып, хирург пышағына түседі. Науқастың бітелген қос тамырын жедел ауыстырып, өмірге қайта оралтуда тәулік бойы қосулы компьютерлі томографтың көмегі көп болған.

Әбубәкір Нысанбетов, науқас:

– Дәрігерлерге көп рақмет айтамын. Ауруханаға ауыр халде түстім. Операция жасалды, бәрі жақсы.

Бір аптадай мамандар қарауында болатын Шиелі ауданының тұрғыны бас көтеріп, еңсе тіктегесін үйіне оралады. Жалпы соңғы үлгідегі 84 кесінділі томограф операция санын сапалы түрде арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Нұридин Әмитов, облыстық көпбейінді аурухана директоры:

– Бұл аппараттың мүмкіншілігі – бұған дейінгі болған жабдықтардан кең көлемді және диагностикалық емдік шаралар жүргізуге болады. Тек жүрекке ғана емес, миға, жатырға, бауырға, қан-тамырға барлығына операция жасалады.

Мемлекет пен жекеменшік әріптестік аясында жуырда алынған ангиографтың да әлеуеті зор. Қондырғының көмегімен қан тамырларын бітейтін май қақтарын оңай түсіріп, түрлі ісіктерді жоюға болады. Аймақтың 800 мың тұрғынына есептегенде жыл сайын 800 операция жасалады. 

Нұрлан Исмаилов, облыстық көпбейінді аурухананың бөлімше меңгерушісі:

– 1 ангиограф болған. Азанда күндізге жазылғандар келеді, жоспарлы тізімдегілер күтетін еді. Содан кейін шұғыл науқастар, сосын жоспарлылар келеді. Осы жерде кешкі сағат 9-10-ға дейін жүретін едік. Күніне 15-20 адам, 2 ангиограф болғасын жүктеме азайып, кезек күтпейді. Айқай-шу болмайды. Ангиограф болмағанда инфаркттан өлім-жітім көп болды. Қазір өлім көрсеткіші 0-ге тең.

Медициналық ұйымдарды озық технологиямен жабдықтауда әріптестік негізі жалғаса бермек. Алдағы жылы магнитті-резонансты томограф, 3 компьютерлі томограф және онкология орталығына маммограф, сандық рентген қондырғыларын алу жоспарланып отыр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұзамбет Бәйділдаев

Хабар 24 телеарнасы