375,91 420,09 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында автомобиль жолдарын бұзатын ауыр жүк көліктеріне бақылау жоқ

  • 239
  • UPD: 21:48, 09.12.2019

Жамбыл облысында таяуда ғана төселген асфальт мүжіліп, жолдың ой-шұңқыры көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24»

Бұған тек кен орындарында жүруі тиіс ауыр жүк көліктерінің қала, аудан, ауыл-аймақ ішінде емін-еркін қатынауы себеп көрінеді.

Бақылау болмағасын мұндай техникалардың ерсілі-қарсылы жүрісі көбейген. Мониторинг жасап, сараптама жүргізген мамандар «жолды жөндеуге жұмсалған мемлекеттің миллиондаған қаржысы желге ұшып жатыр» деп алаңдаулы.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Жолдағы жағдайды көру үшін «Ұлттық жол активтері сапасы» орталығының мамандармен бірге қала шетіне шықтық. Бір сағат күтіп, бақылап көрдік. Расында да, инертті материал тиелген ауыр жүк көліктері еш кедергісіз бірінен кейін бірі жүріп жатты. Бұл тек бір сағатта түсірілген факті.

Бағдаршамға тоқтаған көліктер ыңыранып, орнынан әрең қозғалып барады. Мәселен, мынадай сыйымдылығы 30-40 тонналық көліктерге жүк толтырып жүруге мүлдем тыйым салынған. Олар тек қана кен орындарында немесе арнайы белгіленген жолдармен жүруі тиіс.

Ахметжан Бименов, облыстық ұлттық жол активтері сапасы орталығының инженері:

- Инвестиция және даму министрлігінің 26 наурызда шыққан №342 бұйрығы бойынша біздің автомобиль жолдарында 18 тоннадан артпау керек, үш осьтікке 25 тоннадан артпау керек. Ал бізде мына жолдарда ауыр жүк көліктері емін-еркін тайраңдап жүріп жатыр. Олар өзінің жүктеме салмағынан артық салмақты алып жүріп жатыр.

Жол төсеген мердігерлер де олқылықты ауыр жүк көліктерінен көріп отыр. Жүргізушілер жүкті шамадан артық тиеп, әбден титықтатқан. Онсыз да жұқа асфальт аса ауыр салмақты көліктердің қатынауына есептелмеген көрінеді. «Ал оны бақылап, тосқауыл қойып жатқан ешкім жоқ. Соның кесірінен қыруар шығынға баттық», - дейді олар.

Алмас Әлімжанов, мердігер компания директорының орынбасары:

- Мәселен, мына жолды алатын болсақ, бұл жерде бульдозер жаңа салынған асфальттің үстімен бірнеше рет жүрген. Салдарынан жол мынадай жағдайға келеді да болды мынау жарамайды. Бұны қайтіп востановить ету керекпіз. + 50 миллионға жуық шығын келіп отыр.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- «Жолдар тиісті деңгейде бақыланбай отыр» деген соң салаға жауапты мекеменің есігін қақтық. Көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері тұшымды жауап бермеді. Түсінгеніміз, бүкіл облыста 3 бекет жұмыс істейді. Жолдар күндіз-түні инспекторлардың бақылауында көрінеді. Алайда соңғы 2 айдың көлемінде осы мәселеге қатысты бірде-бір ереже бұзу дерегі тіркелмепті.

Темірлан Мұқышов, облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары:

- Қазір анықталмай жатыр. Шектен тыс жүкпен көліктер жүріп жатқан жоқ қазір. Нақты 100% жүріп жатқан жоқ деп айта аламыз ба? Қазір карьердегі жұмысынан айырылғысы келеді. Сондықтан артып жатқан жоқ.

Сонда біз небәрі бір сағаттың ішінде түсіріп алған мына көліктер көлік болмағаны ма? Ал, 30-40 тонналық жүк көліктеріне қатысты сұраққа мекеме басшысы орынбасараның ым-ишарасы мүлдем түсініксіз.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

 

Хабар 24 телеарнасы