380,19 420 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайлық кәсіпкер әкімдіктен 80 млн теңге қаражатын ала алмай жүр

  • 183
  • UPD: 22:24, 09.12.2019

80 миллион тенге. Осыншама ақшаны қостанайлық кәсіпкер жергілікті әкімдікпен дауласып, ала алмай жүр, деп хабарлайды «Хабар 24»

Ол орталық саябақтың кіреберіс бөлігін сәндеп, безендіру жұмысын 4 ай бұрын аяқтаған. Бірақ содан бері қолына көк тиын тимепті. Қазір белшесінен қарызға батқан кәсіпкер банкроттың сәл алдында тұр.

Бұтабаев бұған дейін мемлекеттік тапсырыспен байланысқан емес. Тек жекеменшік компаниялармен жұмыс істеген. Өткен сәуір айында тендрге қатысып, орталық саябақтың қарсы бет бөлігін безендіру міндетін мойнына алады. Бірден 19,5 миллион теңгеге қажетті материалдарды сатып алған. Ал бір аптадан соң тапсырыс беруші кенеттен келісімшартты бұзу жөнінде шешім шығарады

Мәлік Бұтабаев, кәсіпкер:

- Келісімшартта «қызмет көрсету» дегеннің орынына «жұмыс» деп жазылып кеткен. Бұл енді өздері жіберген техникалық қателік. Содан кейін «келісімді бұзамыз» деп қысым жасала бастады. Біз оған да көндік, «тек кеткен шығынды өтесеңдер» деген шартымызды айттық.

Бірақ әкімдік кәсіпкердің шығарған қаржысын қайтарған жоқ. Мердігер бастаған ісін аяқсыз қалдырмай жалғастыра берді. Тамыз айында нысан толық тапсырылғанымен, әлі күнге атқарылған жұмыс актісіне қол қойылмаған.

Мәлік Бұтабаев, кәсіпкер:

- Акт бойынша мен бәрін тапсырдым, олар қабылдамайды. Нақты келісімшартқа сәйкес тиісті мерзімінде әкімдік кеңсесіне апардым. Өз міндетімді орындадым.

Күзде сот тартысы басталды. Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі мемлекеттік сатып алуға қатысты  келісім-шартты бұзу жөнінде арыз түсірген  Ал кәсіпкер атқарылған жұмыс актісін  дұрыс деп тану жөнінде қарсы талаппен шықты.

Зәуре Едікова, облыстық соттың баспасөз-хатшысы:

Әкімдіктің талабы қанағаттандырылған жоқ. Екінші тараптың атқарылған жұмыс актісі заңды деп танылды. Экономикалық соттың шешімімен келіспеген әкімдік өкілдері мен прокурор апелляциялық шағым түсіріп, ол облыстық сотта қаралды. Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысына сәйкес алғашқы шешім өзгеріссіз қалдырылды.

Сонымен әкімдіктің кәсіпкерге жалпы берешегі 80 миллион тенгені құрайды. Оның 6 миллионы жұмысшыларға еңбекақы қарызы.

Мәлік Бұтабаев, кәсіпкер:

Оның сыртында материалдар үшін қарызымыз шаш етектен. Егер сол компаниялар бізді сотқа бергенде банкротқа ұшырарымыз анық еді.

Мердігерге тиесілі қаржыны бере ме ,жоқ па, ол жағы белгісіз. Әкімдіктегілер қандай да бір түсінік беруден бас тартып отыр. Ал кәсіпкерлер палатасындағылардың айтуынша, мемлекеттік сатып алуда осындай түйткілдер аз емес.

Ренат Дәулетбаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

- Мемлекеттік сатып алуға қатысты кәсіпкерлерден түсетін шағым-талаптар жыл ішіндегі арыздардың шамамен 15%-ін құрайды.

Жыл басынан бері сотта мемлекеттік сатып алуға қатысты мыңнан астам іс қаралған. Соның 430-ы кәсіпкерлер пайдасына шешілген.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров

Хабар 24 телеарнасы