Жастар білім қуып, ғылыммен айналысса ел болашағы жарқын болады. Себебі елді өрге бастайтын да солар.
Бұл туралы Түркияда өткен қазақстандық студенттердің 1-құрылтайында айтылды. Айтулы шара мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Жастар жылы» және тәуелсіздік күніне орайластырылды. Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен қазақстандық студенттер қауымдастығы ұйымдастырған құрылтайға 250-ге жуық жас қатысты. Үш күнге жалғасқан жиында, еліміздің «Шабыт» фольклорлы-этнографиялық оркестрі мен қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған жас өнерпаздар өнер көрсетті. Сондай-ақ Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлының қатысуымен арнайы брифинг өтті. Онда сапалы білім алудың маңыздылығы айтылды.
Ләзиза Нұрпейіс, докторантура студенті:
- Негізгі мақсатымыз, шет елде оқып жатқан қазақ жастарының бас біріктіру. Тәуелсіздік күнімізді тойлау. Өзіміздің қазақ екенімізді ұмытпау. Ұлттық және рухани байлығымызды жаңғырту.
Экрем Юже, Сакария мэрі:
- Бауырлас ел - Қазақстанның тәуелсіздік күнін Түркияда тойлау табиғи жағдай. Себебі, туыстас халықтың егемен ел деп мойындаған да біздің ел. Бұл күн біз үшін де маңызды.