425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өскемен зауытына төмен байытылған уранның екінші партиясы жеткізілді

  • 800
  • UPD: 21:49, 10.12.2019

Өскемендегі Үлбі  металлургиялық зауытына төмен байытылған уранның екінші және соңғы партиясы жеткізілді, деп хабарлайды «Хабар 24»

Алғашқысы шамамен 2 ай бұрын тасымалданған еді. 

Осылайша қазір зауыт аумағында орналасқан «Төмен байытылған Уран банкінде» 90 тоннаға жуық уран қоры бар. Аталған банк толықтай  «Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің»  бақылауында. Мамандар бұл жобаның барысы жайлы мәлімет ашық екендігін айтады. «Ал оның қала экологиясы мен халықтың денсаулығына кері әсері бар деуге ешқандай негіз жоқ», – дейді олар.

Төмен байытылған уран қоры Өскемендегі Үлбі метталлургиялық зауыты аумағына толық жинақталды. Аталған химиялық элементтің  70 жылдық тарихы бар алпауыт кәсіпорында орналастырылуы тегін емес. Өйткені бұл зауыттың уран өндірудегі тәжірибесі жарты ғасырға жуықтайды. Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттік өкілінің айтуынша,  осындай ерекше өндірісті меңгерген елмен әріптестік орнатудың маңызы жоғары.

Марта Феррари, «Төмен байытылған уран банкі» жобасының директоры /Магатэ/:

– Бұл – баламасы жоқ  бірегей жоба.Төмен байытылған уран банкі  ол жекелеген мемлекеттерге ядролық отын өндіру үшін шикізат қорын қалыптастырады. Қазақстан аумағында аталған банктің орналасуы бекер емес екені анық, өйткені бұл елдің уран өндіру тәжірибесі мол.

«Төмен байытылған уран банкі» туралы ақпарат шыққалы өскемендіктерден бастапқыда маза кеткені рас. Көпшілік ядролық қалдықтар қоймасына айналдық деп алаңдады. Алайда бұл 60 цилиндрдің барлығы ары қарай өңделуге бағытталған  уранға толы. «Сондықтан қоршаған ортаға аса қауіпті заттар туралы әңгіме қозғаудың өзі артық», – дейді сала басшылары.

Гумар Серғазин, ҚР энергетика министрлігі атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары:

– Бұл – ешқандай да қалдық емес, кәдімгі гексафторидті уран. Мына цилиндрлердің ішінде қатты күйде сақталған. Бұлардың барлығы үлкен сынақтан өткен.

Зауыт басшылығы да қалалықтарды қауесет сөзге  сенбеуге шақырады. Өйткені  кәсіпорын бұрнағы жылдары бұдан да көп уран қорын сақтапты.

Александр Ходанов, ҮМЗ өткізу бойынша директоры:

– Кеңес үкіметі кезінде осы көлемнен 10 есе көп гексафтроид түріндегі уран сақталған. Ол кезде біздің зауыт ірі атом электр станцияларын  отын таблеткаларымен қамтамасыз еткен.

Халықаралық стандарттарға сай, барлық талап үделерінен шығатын контейнерлер толық сертификатталған.

Эльмира Ахметова, тілші:

– Бұл цилиндрлардың әрқайсында 1,5 тонна төмен байытылған уран бар. Мамандардың айтуынша, олар өте төзімді. Суға салсаң батпайды, отқа салсаң жанбайды, тіпті төбесіне қатты зат құласа немесе биіктен лақтырса да зақым келмейді. Өйткені беріктігі жоғары болаттан құйылған.

Бөшкелер сақталған қойманың маңайында  радиациялық қауіпсіздікті бақылау құралы орналасқан. Осы арқылы қоршаған ортадағы өзгерістер өлшеніп тұрады.

Осылайша аталған жобаға қатысу арқылы Қазақстан әлемдегі ядролық қауіпсіздікті сақтауға елеулі үлес қосуға әзір екенін дәлелдеп отыр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы