380,19 420 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтаулық ерікті жастар бастаған игі жобалар көптің кәдесіне жарады

  • 206
  • UPD: 20:38, 11.12.2019

Әсіресе биылғы Жастар жылында жүзеге асырған «Көмекші ұстаз», «Көмекші дәрігер» мен «Қыз жолы» атты бастамалары халықтың алғысына бөленді.

Волонтерлер жалғызбасты зейнеткерлердің үйінде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, көп балалы отбасыдан шыққан оқушылардың сабақ үлгірімін арттыруға қол ұшын созып жүр. Қажетінше қариялардың үйін жинап, апта сайын азық-түлікпен де қамтып келеді.

Римма Никитченко хал-жағдайын сұрап, үйін жинауға келген жастарды құшақ жая қарсы алды. Жалғызбасты қария екі бөлмелі пәтерін әлі күнге дейін өзі тазалайды. Тек еден жууға денсаулығы жарамайды. Мұны білетін волентерлер шаңсорғышты қосып, іске кірісті. Жиһаздарды сүртіп әп-сәтте баспана ішін жарқыратып шығарды.

Римма Никитченко, зейнеткер:

- Көп рахмет, осы балаларым үйіме келіп тұрады. «Ауыр нәрсе көтермеңіз, еденді өзіміз жуамыз» деп маған ұрсып та кетеді. Қызым теңін тауып, Алматыға кетті. Есік алдына жиі шыға алмаймын, 5-қабаттан түсу қиын. Қазір қолым ұзарды. Студент ұл-қыздарым апта сайын мені іздеп келіп, үй шаруасын атқарып жүр. Ғұмыры ұзақ болсын.

Өнер Құлшағаев, Еріктілер корпусының үйлестіруші:

- 2017 жылдан бері «Жүрегі толы мейірім» жобасы аясында облысымыздағы жалғызбасты ата-әжелеріміздің үйін жинастырып берудеміз. Батасын аламыз және де халықаралық қарттар күні сыйлықтарымызды беріп, бір қуантамыз. 

Еріктілер корпусы құрылғалы бері екі жылдан асты. Бүгінге дейін үш жүзге тарта студент мүшелікке қабылданған. Олар сабақтан бос кезде жастар орталығында бас қосады. Тегін тренинг-дәрістерге қатысып, көшбасшылық қабілетін ұштайды. Барлығы корпус жетекшісі көтерген игі бастамаларға белсене қатысып жүр.   

Мұқаш Бекенұлы, Еріктілер корпусының жетекшісі:

- Бүгінде біз 81 жалғызбасты азаматқа көмек көрсетіп келеміз. Аптасына екі рет балалар барып, үйін жинайды. Және осы уақытқа дейін 162 отбасыға әлеуметтік көмек берілді, ол дегеніміз азық-түлік пен киім-кешек үлестірдік.

Бастамашыл жастар «Көмекші ұстаз» және «Көмекші дәрігер» жобаларын өткен наурыздан бері жүзеге асырып келеді. Халықты әлеуметтік қорғау  мекемесінен ақпарат алынып, тізім жасалған. Сол бойынша еріктілер мекен-жай аралап, қажет көмек түрін көрсетеді. Сондай-ақ тұрмыста зорлық көргендерге арналған орталық тұрғындарына қаржы жинап, жәрдемдесіп жүр.

Автолрлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы