375,91 420,09 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысындағы мүгедек балаларды оңалту орталығына логопед мамандар жетіспейді

  • 263
  • UPD: 08:39, 12.12.2019

Түркістан облысындағы мүгедек балаларды оңалту орталығында логопед мамандар тапшы, деп хабарлайды «Хабар 24»

Жетісай ауданы Асықата кентіндегі мүгедек балаларды оңалтуға арналған күндізгі қатынау бөлімінде 40 балаға 21 маман сауықтыру жұмысын жүргізеді. Алайда қажетті маманға деген сұраныс әлі де бар.

Асықата кентіндегі мүгедек балаларды оңалту орталығының бір ерекшелігі – күндізгі қатынау бөлімшесі ретінде ашылған. Мұнда ата-аналар балаларын таңертеңгі 9-да алып келіп, кешкі 18-де үйіне алып қайтады. Күндіз өздері жұмысқа кетсе, балалары өздері сияқты кемістігі бар жеткіншектермен ойнап, қажетті ем-домын алады.

Жанат Фазылова, дефектолог:

– Ерекше балаларды өмірге бейімдеу, түзету, қарапайым балалардың қатарына қосу. Мысалы, мына Жанасыл бізге келгенде жүре алмайтын. Бірақ ойлау қабілеті жағынан жақсы дамыған. Қазіргі таңда бұл бала бізде жүріп, қатарға қосылып жатыр. Біз күнделікті сабақта балалармен түстерді ажырату, жемістерді ажырату бойынша жұмыс жүргіземіз.

Оңалту орталығы ашылған 1,5 жылдың ішінде мұнда 200-ге жуық бала сауықтыру курсынан өткен. Қазір 40 бала күндізгі қабылдау бөлімімен қамтылған. Оларға психолог, дефектолог, массажист және логопед сияқты дәрігерлер тиісті қызметтер көрсетуде.

«Мұнда дамуы кешеуілдеген балғындардың денсаулығын жақсарту үшін барлық жағдай жасалғанымен, логопед сияқты қажетті мамандар тапшы», – дейді балалардың болашағына алаңдаған ата-аналар.        

Әділхан Әбжанов, аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы:

– Логопед маманы өте тапшы. 2-3-ін алғымыз келеді, бірақ біреуінің өзін зорға таптық. Бірақ дефектолог, психологтар бар. Жалпы осы 1,5 жылдың ішінде бізде жүріп кеткен балалар бар. 2 баламыз жүріп, тұсауын кестік. 4 баламыз сөйлеп, өлең айтатын жағдайға жетті. Бұның бәрі шын мәнінде үлкен қуаныш.

Жалпы Жетісай ауданында 16 жасқа дейінгі 1300 мүгедек бала бар. Екі оңалту орталығы жұмыс істейді. Жыл басынан бері 500-ден аса мүмкіндігі шектеулі балаға аудан әкімдігі тарапынан әлеуметтік қолдаулар көрсетілген.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы