417,87 496,90 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскеменде «Ұстаздар үйі» жұмысын бастады

  • 727
  • UPD: 09:01, 12.12.2019

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Өскеменде «Ұстаздар үйі» ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24»

«Өрлеу» біліктілікті  арттыру ұлттық орталығының  бастамасымен  ашылған 5 қабатты  ғимарат енді ұстаздарға тиесілі. Айта кету керек, өлкедегі біліктілікті жетілдіру институтына  70 жылдан бері  бір нысан бұйырмай келген еді. Сондықтан білімін тереңдетем деген мұғалімдер түрлі мекемені жағалауға мәжбүр болған. Енді бұл мәселе түбегейлі шешілді. Ұстаздар кәсіби шеберліктерін шыңдауда бір шаңырақ астына жиналады.

«Ұстаздар үйінің» атына заты сай. Бес қабатты ғимараттың ішінде бос тұрған бөлме жоқ. Қайсына кірсеңіз де білім мен ғылымға жетелейтін небір қажеттіліктер бар.Барлығы заман талабына сай жабдықталған. «Өрлеу»  біліктілікті арттыру орталығы институтының  демеуімен ашылған мекеме енді толықтай мұғалімдер игілігіне қызмет етеді.

Гүлнас Ахметова, біліктілікті арттыру ұлттық орталығының төрайымы:

– Өрлеу орталығы, өз ақшамызбен, министрліктің қолдауымен ашып жатырмыз. Осындай ғимаратты біз 2016 жылы СҚО-да аштық, 2017 жылы Алматының дәл  төрінен аштық. Ұстаздарды дамытуда, әсіресе жас мұғалімдерге білім беретін осындай үйлер керек,әлі де осыны дамытамыз.

Мұнда ақпараттық әдістемелік орталық, «Монтессори» әдісін меңгеру, өзін-өзі тану, тәжірибе алмасуға арналған  видеостудия, институт тарихы сынды кабинеттер бар. Мұғалімдер бұл жерге тек өздері ғана емес, оқушыларымен де келіп, жекелеген жобаларын жүзеге асыра алады. Мәселен, осы Maker Space бөлімінде сабақта зерттеу жүргізудің мүмкіндіктері көрсетілген.

Гүлмира Жақсылықова, облыстық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының тренері:

– Мына экожүйені биология сабағында қалай қолдануға болатыны жайлы көрініс көріп тұрсыздар. Сондай-ақ «Паско» жүйесінің құрылғылары,температураны өлшеу, ауа құрамындағы көмірқышқыл газын өлшеу арқылы жұмыстарын өте тиімді ұйымдастыруға болады.

Нұргүл Мұқанова, бастауыш сынып мұғалімі:

– Инновциялық идеяларды туындататын, стартап жобаларды іске асыратын және ұстаздардың тәжірибесін шыңдайтын шығармашылық алаң деп білемін.

Шығармашылықты сарапқа салған «Ұстаздар үйіндегі» ең алғашқы іс-шара да өтті. «Педагогикалық идеялар панорамасы» атты  республикалық сайыс жеңімпаздары марапатталды. 971 ұстаздың ішінен жеңімпаз атанғандардың бірі – қарағандылық Ирина Кардаполова. Ол біріктірілген сабақ түрін көрсетіп, үздік танылыпты.

Ирина Кардаполова, бастауыш сынып мұғалімі /Қарағанды/:

– Мұғалім де актер сияқты. Ал оқушылар біздің көрерменіміз. Үнемі ізденуіміз керек, дамуымыз керек. Сондықтан бұл байқауға өте үлкен жауапкершілікпен дайындалдым. Мінеки, бүгін жемісін көріп отырмын.

Айта кету керек, «Өрлеу»  біліктілікті арттыру орталығының облыстық филиалында жыл сайын 5 мың мұғалім  білімін шыңдайды.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы