378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда мемлекеттік бағдарламамен салынған үй сапасыз болып шықты

  • 199
  • UPD: 14:23, 12.12.2019

Алматы қаласындағы бұрынғы Алғабас, қазіргі Зерделі  ықшам ауданында орналасқан тағы бір үйдің қабырғасы қисайды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Бұл – соңғы төрт жылдағы жұрттың зәресін алып отырған төртінші нысан. 179-үйдің тұрғындары 9 қабатты үйді шұғыл тексеру керек деп дабыл қағып отыр. Алайда жұрттың жан айқайына алаңдап отырған ешкім жоқ. 

Зерделі ықшам ауданында орналасқан  бұл үйлер 2013 жылы  «Жас отбасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша берілген. Осы уақытқа дейін бір емес бірнеше рет тұрғындардың зәресін алған 9 қабатты үйлердің тағы біреуі қисайды. 

179-үйдің сырты ғана емес қабырғасының қисая бастағаны пәтер ішінен де байқалады. Есіктері жабылмайды немесе өздігінен ашылып кетеді. Көпшілігінің қабырғаларына сызат түскен. Кешелі бері құзырлы орындарға хабарласып дабыл қаққан тұрғындар қала әкімшілігінің қызметкерлерімен түстен кейін ғана жолыға алды.    

Мұхит Әзербаев, қала әкімінің орынбасары:

– Жалпы көзбен қарап отырсаң бір шамалы ақау бар екені байқалады. Бірақ оның  барлығына сараптама жасағаннан кейін ғана нақты жұмысқа кірісеміз. Сенбі күні мына тұрғындармен кездесіп қандай шешім қабылданатынын айтып бере аламыз. Қазіргі таңда осы екі үш күннің ішінде біз үш рет арнайы қызмет арқылы үйді қарап отырамыз.

Зерделі ықшам ауданындағы бұл үйде 72 пәтер бар.  Мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алған жас отбасылардың алды бүгінде көп балалы жанұя.  Тұрғындардың мәліметі бойынша, қазір  бұл үйде 200-ден аса кәмелеттік жасқа толмаған бала бар. Сақтансаң сақтайды дейді. «Құзырлы орындар апаттың алдын алуы тиіс», – деп алаңдап отыр тұрғындар.  

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы