419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елорда жастары кәсіп ашып, өз ісімен айналыса бастады

  • 613
  • UPD: 21:35, 12.12.2019

Жастар жылына орай өз ісін бастаймын дегендерге қайтарымсыз грант та берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл басынан бері 500 жас қосымша мамандық игеріп, мемлекеттен грант ұтып алған. Қазір көпшілігі сән салонын, тігін және кондитерлік цехтарын ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр.

Айлара жұмыспен қамту орталығының қысқа мерзімді курсы бойынша тігінші мамандығы игеріп алған. Онымен тоқтамай, «Жас кәсіпкер» бағдарламасымен кәсіпкерліктің де қыр-сырын меңгеріпті. Мемлекеттің қайтарымсыз грантын ұтып алған ол қазір өз цехын ашып, кәсібінен нәпақа таба бастаған. Болашақта шағын шеберханасын ұлғайтып, жұмысшылар алуды көздеп отыр.

Айлара Дөненбаева, тігінші:

Жаңа жылдық балалар киімдеріне, компаниялардың жастықшаларын жасап жатырмын. Бизнес қорғаған кезде балалар текстилі деп қорғағам. Сонымен де жұмыс істеп, тапсырыс қабылдап жатырмын. Үлкейтіп, жұмыс орныма жұмысшылар алу ойымда бар. Үкіметке қол жайып отырмай, өз бизнесімді жүргізсем деймін.

Кәсібі бардың нәсібі бар. Алайда, жастардың бәрі бірдей Айлара сияқты емес, бірден дайын, жалақысы қомақты жұмысқа тұра қалсам дейді. Қалалық жұмыспен қамту орталығына «екі қолға бір күрек» іздеп келетін жастардың сұранысы осыған саяды. Ал, мұндағылар болса, жұмыс таппай, сенделіп жүргендердің басым бөлігін қолында «табақтай» дипломы бар жастар құрайтынын айтады.

Нұрлан Исекеев, қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары

Осында келетін жастардың көбі өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүргендер. Қазір еңбек тәжірибесі болмаса, жұмыс беруші оларды жұмысқа ала қоймайды. Жастар тәжірибесі деген бағдарлама бар бізде. Ол өте қолайлы. Тұрақты жұмысқа тұруға мүмкіндік бар.

Жыл басынан Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жұмыспен қамту орталығына 19 мыңнан астам адам келген. Оның 7 мыңнан астамы жастар болса, 5 мыңнан астамы тұрақты жұмысқа орналасқан. Оның ішінде мыңнан астам маман жастар тәжірибесіне қатысыпты. Ал, жұмыспен қамту орталығының мамандары «еңбек нарығы күн санап өзгеріп жатқандықтан, жастардың жағдайға тезірек бейімделіп, жаңа кәсіп үйренуіне қол ұшын созамыз», деп отыр.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы