376,72 406,00 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО өндіретін күнбағыс майына шетелден сұраныс артты

  • 183
  • UPD: 09:10, 13.12.2019

Шығыс Қазақстан облысында өндірілетін отандық күнбағыс майына соңғы жылдары шетелден сұраныс 3-4 есеге артқан. Шемонайха ауданындағы осындай кәсіпорын қазір мемлекеттің қолдауымен жаңадан құрал-жабдықтар сатып алып, зауытты модернизациядан өткізіп жатыр. Мақсат  - өнімнің сапасын арттырып, көлемін ұлғайту. Жаңадан жұмыс орындары да ашылады деген сөз.

Шемонайхадағы күнбағыс майын шығаратын зауыт алғашында шағын цех болып ашылған. 20 жылдық тарихы бар кәсіпорында бүгінде 250 жергілікті тұрғын еңбек етеді. Өнімнің 60 проценті өз еліміздің нарығына жөнелтілсе, қалғаны экспортқа бағытталған.

Андрей Романенко, цех шебері:

- 7 жылдан бері осы зауытта еңбек етемін. Жұмысым өте жауапты. Мен мына желілердің үздіксіз жұмыс істеуін қадағалаймын. Ұжымымыз ұйымшыл, жалақымыз тұрақты. Бәріне ризамыз. 

Тәулігіне 150 тонна өнім шығаратын зауыт алдағы уақытта қуатын 200 тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр. Ол үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы жалпы құны бір миллиард теңгеге жуық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жаңа цех салынып, Швейцария және Қытайдан әкелінген озық қондырғылар орнатылған.

Мұрат Оразбаев, кәсіпорын директорының орынбасары:

- Шанхайда өтетін азық-түлік көрмесіне қатыстық. Сонда байқағанымыз Қытайда біздің өнімдерге деген сұраныс өте жоғары. Сондықтан зауытты модернизациядан өткізіп, жаңа құрал-жабдықтар сатып алдық. Бұл күнбағыс майының сапасын жоғарылатып, кәсіпорын қуатын арттырары сөзсіз.

«Отандық өнім шығарушыларға мемлекеттен қолдау көп. Алайда түйіні тарқамаған кейбір түйткілдер туралы да айтпасқа болмайды»,- дейді кәсіпорын жетекшісі.

Сергей Глушков, кәсіпорын директоры:

- Бұрындары зауыттан тікелей негізгі желіге апаратын 12 шақырым темір жол бар болатын. Кейін ол бұзылып қалды. Міне осы қатынасты қалпына келтіруге мемлекеттен көмек болса, тасымал құнын да төмендетіп, өнім бағасын 5-7 теңгеге арзандатуға болар еді. Тағы бір маңызды дүние, шетелге шикізат шығаруды тоқтатып, экспортқа тек дайын өнімдер шығаруды қадағалау керек. Бұл еліміз үшін өте маңызды мәселе.

Болашақта кәсіпорын рапс, соя сияқты дақылдардан да май шығаруды жоспарлап отыр. Отандық өнімдерге қытайдан өзге Өзбекстан, Тәжікстан сияқты елдерден де сұраныс артып келеді. Сондықтан жаңа цехтың іске қосылуы өзге де биіктерді бағындыруға ықпал етпек. 

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы