423,04 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Құрылыс жобаларына мемлекеттік сараптама жүргізу сандық технологияға көшті

  • 682
  • UPD: 18:05, 13.12.2019

Цифрландыруды дұрыстап игерсек, игілігі көп-ақ. Мемлекеттік сараптама мекемесі сандық технологияның арқасында 4 жылда 4 трлн 400 млрд теңге қазына қаржысын үнемдеген, деп хабарлайды «Хабар 24»

Құрылыс жобаларына мемлекеттік сараптама жасайтын кәсіпорын технологиялық туындыларымен тамсандырып, бүгінде өзінің де, өзгенің де өндірісін өрге сүйреп жүр.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес құрылыс жобаларына мемлекеттік сараптама жүргізу ісінің 75 пайызы қазіргі таңда жекенің қолына берілген. Мемлекет тек стратегиялық маңызы бар ең ірі ғимараттардың кем-кетігін тексеріп, кесіп-пішеді. Бүгінде бұл сала толық автоматтандырылып, цифрландырылған. Енді мұның игілігі көп-ақ. Біріншіден, төрт жылда қазына қаржысы 4 трлн 400 млрд теңгеге үнемделді.

Тимур Қарағойшин, «Мемсараптама» РМК бас директоры:

– Бір көп қабатты үй. Нақтылап қарағанда, ол 800 млн шығады. 200 млн кеткен конструктивтік қателіктер болады. Инженерлік жүйеден, үйдің табанынан қателіктер болуы мүмкін. Соны сәйкестікке келтіргенде ол ақша жағынан да қысқарады. Осы Елбасының 30 жылдық реформасының арқасында жеттік. Себебі басқа елдерде бұған жаңа келе жатыр.

Сараптама жасау мерзімі де айтарлықтай қысқарды. Бұрын жобалаушылар жобасын тапсырып, қорытындысын алу үшін 9 ай күтетін. Енді бұл жұмыс небәрі 45 күнде атқарылады.

Дархан Рахимов, құрылыс компаниясы басшысының орынбасары:

– Бұрын біз жобалық-сметалық құжаттаманы мемлекеттік сараптамадан бір өткізіп, экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптамадан тағы бір өткізетінбіз. Есесіне бұл 1 жылға жуық уақыт алатын. Ал қазір мұның бәрін 45 күнде кешенді түрде жасауға болады.

Цифрландырудың енді бір шарапаты – бұл электронды мәліметтер банкі. Алдағы жылы іске қосылатын датабанкта 12 мыңға жуық жобалық-сметалық құжат сақталады. Оларды кез келген жеке инвестор мен мемлекеттік мекеме қайта пайдалануға құқылы.

Тимур Қарағойшин, «Мемсараптама» РМК бас директоры:

– 9 этажды үйді алатын болсақ. Оны жаңадан жобасын жасаса, 30 млн қаржат кетеді. 9 этажды Қостанайда салынған үй болса, соны біздің банкіден алып, Қызылордаға немесе Атырауға қайта пайдаланса, ол 9 млн-ға жасалатын жұмыс. Бұрын ол жобаны 6 ай жасайтын болсаңыз, мұны екі айдың ішінде қайта пайдалану есебінде 2 айда қаражаттан 65 пайыз үнем жасайсыз. 9 млн теңгеге оны қайта пайдаланасыз.

Бүгінде мемлекеттік сараптама жобалық-сметалық құжатты электронды нұсқада қарау бойынша посткеңестік кеңістіктегі елдерді былай қойғанда, Финляндия, Румыния, Польша, Венгрия секілді еуропалық мемлекеттерден де озып тұр.

Авторы: Жасын Біркенов

Хабар 24 телеарнасы