424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жас ғалымдар: Химия бар, қимыл жоқ...

  • 868
  • UPD: 22:19, 13.12.2019
Жас ғалымдар: Химия бар, қимыл жоқ...

Білім бар, ғылым жоқ. Жергілікті жас ғалымдар «ғылыми жобалар ұдайы түрде әзірленгенімен, тек қағаз жүзінде қалады деп налиды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Отандық меценаттардың да, инвесторлардың да саны көп емес.

Әсия Ермұхамбетова электро-химиялық құрылғыларда қолданылатын аккумулятор мен батарея жұмысын, оның қуаты мен қауіпсіздігін оңтайландыратын жоба бойынша әдіснама жасап жатыр. Бірақ елде тың идеяларға сұраныстың көп еместігін жасырмайды. Лондонда білім алған жас маманның салада 6 жылдық тәжірибесі бар. Шетелде докторантурада оқып жүрген кезінде ғылыми жетекшісімен бастаған жобасын елімізде жалғастырғысы келеді. Бірақ елде жоғары технологиялы құрылғылар тапшы дейді ғалым.

Әсия Ермұхамбетова, инженер-химик:

– Біз жаңадан батарея ойлап тапқан жоқпыз. Біз дайын батарея жұмысын жақсарту, қолданыс мерзімін ұзарту және қауіпсіздігін арттыру бойынша жұмыс істеп келеміз. Анықталғандай, литий күкірт электродының көп жағдайда үстіңгі қабаты толық пайдаланбайды екен. Жалпы жаңа баптаулардың микроқұрылымына қалай әсер ететіні туралы әдіснама дайындап жатырмын.

Инвесторларды тарту үшін олардың белгілі бір салаға деген қызығушылығын оята білу қажет. Немесе инвестордың өзі саланы жіті түсінуі керек. Биотехнолог Мәликаның айтуынша, өзге елдерден келетін өнімдердің сапасын тексеру жұмыстарын жүйелендіру керек. Өйткені шетелдік импорттың сапасы кейбір отандық өнімдерден әлдейқайда төмен дейді жас ғалым.

Мәлика Шертай, биотехнолог:

– Шетелдік компаниялардың қаражаты жеткілікті, олар жарнамаға, маркетингке көп көңіл бөледі, ауқымды ақша жұмсай алады. Сондықтан біздің жергілікті тұрғындар жарнамаға сеніп, сол препараттарды алуы мүмкін. Ол да біздің қазақстандық өнімнің артта қалуына себепкер деп ойлаймын.

Жас мамандардың айтуынша, шетелде компаниялар жергілікті шағын жобаларға қызығушылық танытады. Бірақ біздегі жағдай басқаша. Ал шетелдік ірі компанияларға қазақстандық жобаны ұсынайын десе, онда өздерінің жоғары білікті инженерлері жеткілікті дейді ғалымдар.

Раушан Мұқышева, ҚР БҒМ бғм ғылым комитетінің басшысы: 

– Жас ғалымдар байқауы жаңа талаптар бойынша өткізіліп жатыр. Биыл құқықтық актілерге тиісті өзгертулер енгізілді. Қаржыландырудағы ашықтық, байқауға түскен өтінімдерді әділ іріктеу, ғылыми кеңес отырыстарының ашық өтуі және экономикалық сараптама енгізу сынды жаңашылдықтар күшіне енді.

Айта кеткен жөн, биыл маусым айында жас ғалымдардың ғылыми зерттеу жұмыстарына грант бөлу туралы байқау жарияланған болатын. Бүгінге дейін түскен 1 376 өтініштің 99-ы талапқа сай болмай кейін қайтарылды. 264 жоба мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың шекті балын жинай алмады. Ал қалған 1 013 жоба Ұлттық ғылыми кеңестің қарауына ұсынылды. Айта кеткен жөн, келер жылдың қаңтар айының ортасына дейін жалғасатын байқауға тек 40 жасқа дейінгі азаматтар қатысады. 3 жылға арналған байқауға жалпы 9 млрд теңге бөлінді.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Мейрамбек Ақмаханов

Хабар 24 телеарнасы