380,19 420 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысының Саран қаласында 120 отбасы баспаналы болды

  • 170
  • UPD: 10:30, 14.12.2019

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қарағанды облысының Саран қаласында 120 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың барлығы ұзақ жыл пәтер кезегін күткен мұқтаж жандар. Бес қабатты зәулім үй жылу үнемдейтін құрылыс материалынан салынған. Ол отандық панельдер дәл осы Саран қаласындағы зауытта өндіріледі. Ең бастысы, бұл мүгедектерді көтеріп шығаратын арнайы пандус орнатылған облыстағы алғашқы үй.

Зәулім үйден баспана бұйырғандардың бірі – Валерий Долготский. Бірінші топтағы мүгедектің жаңа пәтеріне кедергісіз кіріп-шығуы үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Тіпті арба еркін өту үшін үйіндегі есік жақтаулары да кеңейтіліпті.

Валерий Долготский, Саран қаласының тұрғыны:

Осындай керемет пәтер бергендері үшін алғыс айтамын. Маған бәрі ұнады. Бірінші қабатта. Кіріп-шығу оңай. Бұған дейін мүгедектер үйінде тұрып келдім, енді өз баспанам бар.

Ал Жұмашевтар жанұясы бұл қуанышты 5 жыл күткен. Балалардың үлкені 7-сыныпта оқыса, қалған үшеуі бөбекжайға барады. Көп балалы отбасыға жаңа үйден 3 бөлмелі пәтер бұйырды. Оның үстіне «Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша тігінші курсында оқып жатқан отанасы жуырда Сарандағы фабрикаға жұмысқа тұрмақ.

Жанна Жұмашева, Саран қаласының тұрғыны:

Үйіміз ұнап жатыр. Жарық, жылы, балаларымыз да қуанып жатыр. Өзімізге ыңғайлы. Жұмысыма да, балаларым үшін де жақын. Мектеп те, балабақша да осы маңайда бар екен, жақсы. Орналасуға дайынбыз.

Жаңа үйдің тағы бір ерекшелігі, құрылысқа таза отандық өнім қолданылған. Саран қаласындағы зауытта жасалған ірі панельді термоқабырғалар сырттағы суықты өткізбейді, әрі іштегі жылуды сақтайды екен. Бүгінгі күнге дейін дәл осы технологиямен облыста 1500 пәтерлі 19 үй салынған.

Александр Кику, мердігер:

- Біздің болжауымыз бойынша жылуға кететін шығын шамамен 40%-ке азаяды. Яғни, әр шаршы метріне төленетін жылу құны 100 теңгеден жоғары болмау керек. Ал газ келгенде тағы 3%-ке арзандайды. Бұл орталықтандырылған жылыту жүйесі жоқ Саран қаласы үшін өте маңызды.

Аймақ басшысының айтуынша, жуырда Саранда тағы үш бірдей үйдің құрылысы басталады. Осылайша, 2021 жылы 300 отбасы қоныс тойын тойламақ. Сондай-ақ РТИ ауданында қаңырап бос қалған екі үй қайтадан қалпына келтірілмек.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы